Бас прокурор: Мемлекеттік төңкеріс жасауға әрекет болды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Бас прокурор: Мемлекеттік төңкеріс жасауға әрекет болды

05.01.2023

Былтырғы қаңтарда бүлікшілер мемлекеттік төңкеріс жасауға әрекеттенді. Мәжілісте өткен тыңдауда Бас прокурор Берік Асылов осылай мәлімдеді. Оның айтуынша, «басқарылатын хаос кезінде еліміздің жоғарғы басшылығын ауыстыруға бағытталған операция тыңғылықты жоспарланған».

Бүлікті ұйымдастырушылардың қатарында Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы басшысы Кәрім Мәсімов пен оның орынбасарларының аты аталды. Бірақ оларға қатысты істе мемлекеттік құпиялар болғандықтан, оны жариялауға болмайды деді. Себебі ұлттық қауіпсіздік мүдделеріне нұқсан келуі мүмкін.

Берік Асылов, ҚР Бас прокуроры:

Қастандықтың нақты егжей-тегжейін айтуға құқығым жоқ. 2021 жыл бойы, жасырын түрде радикалды шара қолдану үшін орындаушыларды дайындау жүргізілгенін ғана айта аламын. Орындаушылардың қатарында ұйымдасқан қылмыстық топтар болған. Олар адамдарды жинап, қаруландырған, рация және көлік сатып алған. Тергеу анықтағандай, осы бүлдіргі әрекеттердің басында күш құрылымдарының жекелеген өкілдері тұрған.

Бұдан бөлек, Бас прокурор Берік Асыловтың айтуынша, күш құрылымдары ескертусіз оқ атуды Президент бұйрығына дейін бастап кеткен. Күш құрылымдарының қызметкерлері жауынгерлік қаруды Алматыдағы Президент резиденциясын қорғау кезінде, яғни 5 қаңтар сағат 16:00 шамасында қолданғанын айтты.

Әрі қылмыскерлерге оқ ату үшін арнайы команда қажет емес, оған рұқсат беретін нормалар заңдарда көрсетілген деді. Ал Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов органдар дер кезінде оқ атпағанда оқиғаның ауқымы бұдан да үлкейіп кетер еді дегенді айтты.

Данияр Қайыртайұлы

Хабарламаларға жазылу