Ақтөбе облысында индустриялық жобаларды жүзеге асыру үшін биыл 1 триллион теңге инвестиция тартылмақ - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ақтөбе облысында индустриялық жобаларды жүзеге асыру үшін биыл 1 триллион теңге инвестиция тартылмақ

04.01.2023

Ақтөбе облысында индустриялық жобаларды жүзеге асыру үшін биыл 1 триллион теңге инвестиция тартылмақ. Нәтижесінде, аймақ экономикасына серпін беретін жаңа кәсіпорындар ашылады. Қазірдің өзінде ірі 12 жоба жүзеге асып жатыр. Сондай-ақ, облыс орталығындағы индустриялық аймақты дамыту да күн тәртібінде тұр.

Жақсыбек Кемал, тілші:

Бұл кәсіпорында пакеттердің жеті түрі шығарылады. Барлығы экологиялық таза өнім, яғни қоршаған ортаға еш зияны жоқ. Мына пакеттер бір жыл ішінде ыдырап, жойылып кетеді.

Бұл жерде жүзден астам адам еңбек етеді. Кәсіпорын ірі сауда орындарының да тапсырысын орындап, сапалы өнім шығарады. Өйткені, тез ыдыратуға арналған қоспаларды қолданады. Шикізат Ресей, Корея, Сауд Арабиясы, Англия мен Швециядан әкелінеді. Инновациялық жобаның құны - 3 миллиард теңге.

Ақбота Жұбанова, өндіріс меңгерушісі:

Осы 2023 жылы үлкен проекттер бар. Өнімдердің сапасынан бөлек, тағы да түрлері қосылады. Тек Ақтөбе облысы емес, Алматы, Қарағанды, біздің ойымызша, Ресейге де шыққымыз келеді, себебі сұраныс бар.

Ал, бұл резеңке бұйымдарын шығарумен айналысатын кәсіпорын. Сапалық стандарттаудан өткен өнімді негізінен мұнай-газ саласында жұмыс істейтін компаниялар сатып алады. Болашақта өндірісті кеңейту көзделіп отыр.

Азамат Базар, серіктестік директоры:

Мұнай саласындағы ірі компаниялармен жұмыс істеп жатырмыз. Одан бөлек вагон бөлшектерін жасап бастап жатырмыз. Локомотив, жүк вагоны, жолаушылар вагондарының әр түрлі резеңке бөлшектерін жасап жатырмыз. Жасап жатқан заттың өз формасы болады. Ол пресс формаларды да өзіміз жасап жатырмыз.

Былтыр Ақтөбе облысына 900 миллиард теңге инвестиция тартылып, 30 инвестициялық жоба жүзеге асқан. Биылғы меже одан да биік.

Нұртуған Оралбаев, Облыстық индустриалды-инновациялық даму басқармасының бөлім басшысы:

Біздің амбициоздық жоспарымыз 2023 жылға, ол триллион теңгеден астам инвестиция. Осы көрсеткішке жету үшін көп ірі инвестициялық жобаларды жүзеге асыруды жоспарлап жатырмыз. Оның ішінде ең ірі жобалардың бірі – нефтехимиялық тауарларды өндіретін зауыттар бар.

Аймақта 2025 жылға дейін 3 мыңнан астам жұмыс орнын ашу жоспарланып отыр. Сингапурлық инвесторлар 70 млрд теңгеге цемент зауытын салуға қызығушылық танытқан. Ал алтын кен орнында 120 млрд теңгеге тау-кен металлургия комбинаты жұмыс істейді. Бұдан басқа, екі кезеңде 180 млрд теңгеге жел электр станциясын іске қосу көзделген. Оның біреуінің қуаты 150 МВтты құрайды.

Жақсыбек Кемал


Хабарламаларға жазылу