Болат Ақшолақов: Аймақтарға газ жеткізу бойынша Ресеймен келіссөздер жүріп жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Болат Ақшолақов: Аймақтарға газ жеткізу бойынша Ресеймен келіссөздер жүріп жатыр

30.12.2022

Энергетика министрі Болат Ақшолақов Екібастұздағы апаттың себептерін атады. Оның сөзінше оқыс жағдайға қордаланған мәселелер түрткі болған. «Энергетика министрлігі генерация мен тікелей станцияға жауапты» дейді ведомство басшысы. Ал, жылу желілері коммуналдық қызметтің жауапкершілігінде екенін жеткізді.

Болат Ақшолақов, ҚР Энергетика министрі:
Бұл – кешенді қателік. Оған станция бастығы немесе инженер ғана кінәлі деп айта алмаймын. ЖЭО-да қысымды көрсететін есептеу құралдарында ақау болған. Меніңше, датчиктердің қате көрсеткішінен кейін мамандар қысымды жоғарылатуға кіріскен. Ал тозығы жеткен желі оған төтеп бере алмады. Коммуналдық қызмет шұғыл шара қабылдамады. Міне, осылардың кесірінен тұрғын үйлер жылусыз қалып, құбырлары мен радиаторлары зақымданды. Енді оларды толығымен ауыстыру қажет.

Министрдің айтуынша солтүстік және шығыс аймақтарға газ жеткізу бойынша Ресеймен келіссөздер жүріп жатыр. Алдын ала болжамға сай жылына шамамен 10 миллиард текше метр көгілдір отын керек болады. Сонымен қатар Атом электр станциясының реакторлық технологиялары таңдалады. Әзірге тізімде Қытай, Ресей, Корея мен Франция тұр. Ал газдандырылған халықтың үлесін 60 пайызға дейін жеткізу жоспарланған. Жалпы инвестиция сомасы 1 млрд доллар болатын бутадиен және метанол өндіретін зауыттардың құрылысы да басталуы тиіс. Битум өндірісі 300 мың тоннаға ұлғайтылады. Сондай-ақ Шымкент мұнай өңдеу зауытының қуаттылығын 6 млн тоннадан 9 млн-ға дейін кеңейтуді базалық жобалау басталады. Бұның бәрі 2023 жылы жүзеге асуы керек жобалар.

Серік Селеубай

Хабарламаларға жазылу