Ақтөбедегі жол апаты: Мектеп директорының орынбасары қамауға алынды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ақтөбедегі жол апаты: Мектеп директорының орынбасары қамауға алынды

19.12.2022

Ақтөбе облысында спорт мектебінің басшылығына қатысты қылмыстық іс қозғалды. Полиция департаментінің хабарлауынша, оқушыларды көлікпен жарысқа апара жатқан спорт мектебі директорының орынбасары қалғып кеткен. Темір ауданынан Ақтөбе қаласына бет алған Toyota Estima автокөлігі аударылғанда 8 оқушы мен жаттықтырушы зардап шекті. Бір оқушы оқиға орнында көз жұмды. Ал ауруханаға жеткізілген бес баланың екеуі жасанды тыныс алу аппаратына қосылған. Олардың жағдайы Астана мен Алматы қаласынан келген білікті дәрігерлер бақылауында.

Рүстем Исаев, облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы:
3 бала есінде, 3-4 күннен кейін жалпы хирургияға аударамыз. Сонда бізде екі науқас қалады. Оларды төртінші, бесінші күні жайлап оятып көреміз. Жазылу қабілеті тездеу болады ересектерге қарағанда, сондықтан үлкен үміттеміз, балаларымыз аяққа тұрып кетеді деп.

Ал балалардың қауіпсіздігіне бейжәй қараған спорт мектебінің басшылығына қатысты іс қозғалды. Яғни, олар жарысқа балаларды апаратыны жөнінде білім бөліміне ескертпей, өз беттерінше шешім қабылдаған. Сондай-ақ ережеге сәйкес, жарысқа үш күн қалғанда тиісті орындарға сұраныс жіберіп, арнайы көлік алмаған.

Ғалым Байжанов, облыстық Полиция департаменті бастығының орынбасары:
Жүргізуші қамауға алынды. Содан басқа 371-бабы, 2-бөлігімен «Салғырттық» және 141 бап – «Балалардың өмірі мен денсаулығы қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі міндеттерді тиісінше орындамау» бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.

Жақсыбек Кемал


Хабарламаларға жазылу