Келер жылы Сыр өңірінде Сеул техникалық университетінің филиалы ашылады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Келер жылы Сыр өңірінде Сеул техникалық университетінің филиалы ашылады

05.12.2022

Келер жылы Сыр өңірінде Сеул техникалық университетінің филиалы ашылады. Жергілікті Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті бүгінде Корей еліндегі оқу орнымен екі жақты мәмілеге келіп отыр. Аймаққа жұмыс сапарымен келген Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек оқытушы ғалымдар қауымымен кездесіп, өңірлік университеттерді дамыту бағытындағы жоспарларымен бөлісті.

85 жылдық тарихы бар Қорқыт ата университеті заман ағымына қарай жаңғырып, жаңашылдыққа бетбұрып келеді. Бүгінде аймақтың сан саласында еңбек етіп жүрген мамандардың басым бөлігі осы іргелу оқу орнының түлектері. Облыс әкімі мен сала министрі университеттің оқу базасымен танысып, оқытушы ғалымдарымен кездесті. Аймақ үшін маңызды білім ошағына алдағы уақытта министрлікпен бірлесіп жергілікті әкімдік те жан-жақты қолдау көрсетпек.

Нұрлыбек Нәлібаев, Облыс әкімі:
Аймақтағы жетекші жоғары оқу орнының 2025 жылға дейінгі стратегиялық даму жоспарының басым бағыттары өңірді дамыту бағдарламасының негізгі міндеттерімен тығыз үйлестірілуде. Аграрлық аймақтан, өндірістік өңірге айналған Сыр елінің игі мақсаттарын жүзеге асырып, осы жолда университет инновациялық дамудың драйверіне айналуы тиіс.
Мұнан соң, Саясат Нұрбек жергілікті тұрғындармен кездесіп, министрліктің алдағы жұмыс жоспарын баяндады. Соның ішінде өңір үшін жағымды жаңалығы Оңтүстік Корея елінің электроника мен технология маманандарын даярлаудағы озық тәжірибесі енді Сыр өңірінде жүзеге аспақ. Келер жылы оқу орнының базасынан Сеул университетінің филиалы ашылады. Сондай-ақ, аграрлық аймақ болған соң ауыл шаруашылығы бағытында шет елдік ғалымдардың ілімін енгізу жоспарда бар.

Саясат Нұрбек, ҚР Ғылым және жоғары білім министрі:

Тағы да бір халықаралық серіктестікті іздеп жүрміз. Мүмкін Франциядан бір мықты жетекші генетика және селекция лабораториясымен бірігіп, Қорқыт ата университетінің негізінде мықты көпсалалық, ауылшаруашылық зерттеу орталығын ашпақшымыз.
Ғылым және жоғары білім министрі мұнан соң Қорқыт ата университетінің 85 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылған салтанатты шараға қатысты. Оқу орнының ұжымы мен студенттерді құттықтап, оқытушы профессорларды марапаттады.

Әділбек Серікұлы

Хабарламаларға жазылу