Елордада «Үздік жас отбасы» байқауы өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елордада «Үздік жас отбасы» байқауы өтті

24.11.2022

Бүгін елордада «Үздік жас отбасы» байқауы мәресіне жетті. Сайысқа өтінім берген 50-ден аса отбасының ішінен финалға 10 ерлі-зайыпты өтті. Әрқайсысы сахнада өз өнерін көрсетіп, ұлттық құндылықтарды дәріптей білді.

Жанкүйерлер балаларымен бірге сахнаға шыққан ерлі-зайыптыларға қолдауын аямады. Үш кезеңнен тұратын сайыста қатысушылар тек ән-жыр айтумен шектелген жоқ. Алдын ала әзірленген бейнеүзінділер арқылы өздерін таныстырып, отбасы құндылықтарын дәріптейтін көріністерді ұсынды. Екінші жыл қатарынан байқауға қатысқан Жүнісовтер отбасы бұл бастаманың балалар үшін берері мол дейді.

Әлішер Жүнісов, байқауға қатысушы:
Отбасыларға, жас отбасыларға бала тәрбиелеу бойынша қандай жолдар бар, не үшін бұл маңызды екенін дәріптеу үшін келдік. Біз өзімізді дұрыстайтын болсақ, балаларымыз бәрі бізге қарап дұрысталады деп сенеміз. Егер біз дұрыс емес үлгі болсақ, балаларымызға не айтсақ та, оның пайдасы көп болмайды.

Бұл байқау «Отбасы - бақыт мекені» кең көлемді жобасының шеңберінде өтті. Оған отбасылық марафон, жас отбасыларға, жүкті әйелдерге және ата-ана болуды жоспарлап отырған жас жұбайларға арналған семинар-тренингтер, студенттерге арналған іс-шаралар, бейнебайқаулар мен фотосуреттер кіреді. Конкурс шаңырағы шайқалған отбасылардың санын азайтып, отбасының маңыздылығын арттыруды көздейді.

Қанат Қамбаров, қалалық жастар саясаты басқармасының басшысы:
Отбасын құрайын деп отырған азаматтар, жастар түсіну керек. Отбасын құру - сенің өміріңдегі басты шешімдердің бірі. Отбасыңды құрдың, сен сол азаматпен, сол кісімен өмірбақи тұратын боласың.

Отбасындағы сүйіспеншілік пен түсіністікті дәріптеуге арналған байқау дәстүрлі түрде жалғасады. Ал бүгін топтан дара шығып, жанкүйерлердің ықыласына бөленген отбасылар марапатсыз қалмай, ақшалай сертификаттар мен бағалы сыйлықтар алды.

Ламбриан Топузидис


Хабарламаларға жазылу