«Қазмұнайгаз» акцияларын жеке адамдар сатып алуына жағдай жасамақ - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Қазмұнайгаз» акцияларын жеке адамдар сатып алуына жағдай жасамақ

16.11.2022

7 қарашада «Самұрық-Қазына» мен «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы алғаш рет жария түрде жай акцияларын сатуға ұсынып, IPO-ға шығатынын мәлімдеді. Бұл бағалы қағаздарды қай жерден, қалай сатып алуға болады? Бұған дейінгі халықтық IPO-лардан қандай айырмасы бар?

«ҚазМұнайГаздың» шоғырландырылған активтері 32 миллиард долларға тең. Акционерлік капитал 2022 жылдың 30 маусымындағы жағдай бойынша 19 миллиард доллардан асты. Ұлттық компания 2016 жылдың қорытындысы бойынша 45 млрд теңге дивиденд төлесе, 2021 жылы 200 млрд теңгеге дейін ұлғайтқан. Бұл сандар мекеменің қаржылық көрсеткіштері тұрақты екенін көрсетеді.

Мағзұм Мырзағалиев, «Қазмұнайгаз» ҰК» АҚ басқарма төрағасы:

«ҚазМұнайГаз» IPO-ға жоғары өндірістік және қаржылық көрсеткіштермен келді, алдағы уақытта бұл нәтижені жүзеге асып жатқан жобалар есебінен одан әрі жақсартуды көздейді. Компанияның 100% акциясы 5,1 трлн теңгеге бағаланды, бұл бір жай акция үшін 8 406 теңгеден айналады. Үкімет пен «Самұрық-Қазына» қорының шешіміне сәйкес, IPO шеңберінде қор нарығындағы инвесторларға компанияның 5%-ға дейінгі үлесін сату ұсынылды.

Акцияларды бірнеше жолмен сатып алуға болады. Атап айтқанда, азаматтар брокерлер және олардың мобильді қосымшалары, бірқатар коммерциялық банктердің мобильді қосымшалары, AIX биржасының Tabys қосымшасы және Қазпошта бөлімшелері арқылы акция иегері атана алады. Және сату кезінде жеке тұлғаларға басымдық беру көзделген. Өз кезегінде компания басшылығы бағалы қағаздарды тегін таратылып жатқаны туралы сыбысты жоққа шығарды.

Мағзұм Мырзағалиев, «Қазмұнайгаз» ҰК АҚ басқарма төрағасы:

Біздің акцияларымыз ешкімге тегін таралмайды. Жеке тұлғалар болсын, немесе біздің жұмысшылар болсын. Акцияны алу үшін мен жаңа айтқандай 8406 теңге төленуі керек.

14 қарашада IPO аясында роудшоу басталды. Жергілікті AIX биржасында және Қазақстан қор биржасында ұсынылған ҚазМұнайГаз IPO-сын кеңінен таныстыру мақсатында өңірлерде жеке инвесторлармен кездесулер өтуде. Спикерлер ҚазМұнайГаз қызметі, инвестициялық тартымдылық факторлары және компанияның дивиденд саясаты туралы толық ақпаратты, сондай-ақ IPO бойынша акцияларды ұсыну шарттары және өтінім беру рәсімі туралы мәліметтерді баяндайды.

Серік Селеубайұлы


Хабарламаларға жазылу