Қаңтар оқиғасы: Жамбыл облысында 110 адамның жазасы жеңілдейді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қаңтар оқиғасы: Жамбыл облысында 110 адамның жазасы жеңілдейді

04.11.2022

Қаңтар оқиғасына қатысушыларға жарияланған рақымшылыққа Жамбыл облысынан 110 адам ілігеді. 10 тұрғын жазасын өтеуден босатылып, 5 азамат пробация есебінен шығарылады. Ал қалған 95-інің жаза мерзімдері қысқармақ.

Гүлзира Пайзраханова 3-ші қаңтар күні көшеде жиылған жұртты көріп қызықтауға шыққанын айтады. Топтың арасына жалғыз бармай құрбысын да бірге жүруге көндірген. Ал келесі күні бүлік бастаған адамдардың арасына қалай қосылып кеткенін де аңғармай қалады.

Гүлзира Пайзраханова, сотталушы:

Ондай жағдай Таразда алғаш рет орын алғаннан кейін бәріміз таңғалдық. Бізге барып көру жай қызық болды. Сонымен құрбым екеуміз шыққан болатынбыз. Құрбымды шақырып алған мен болатынмын. Мұнда халық жиналып жатыр деп.

Дүрбелең басылғанда бейнебақылау камераларына түсіп қалған Гүлзираны полиция қамауға алады. Тергеу нәтижесіне сай оған Қылмыстық кодекстің 272 бабы, 3 бөлігімен «Жаппай тәртіпсіздікке қатысқаны үшін» деген айып тағылып, 2 жылға бас бостандығынан шектеу жазасы тағайындалады. Сол кезде ол өзінің заңсыз әрекет жасағанын түсінген.

Гүлзира Пайзраханова, сотталушы:

Қатты өкінемін және солай шыққаныма қатты ұяламын. Көп адамдар да айтты бекер шықтың деп. Дұрысы сол тыныш өмір сүрген. Мұндай да ешкім ешкімнің сөзіне ермей-ақ қойса деймін. Біздің басымыздан өтті. Енді ешкімге мұндай ақыл айтпайтын едім.

Қызының қылмыстық іске тартылғаны жасы 70-тен асқан Патих әкейге де оңай тимеді. Іштегі үміт сәулесі әкені әрдайым алға жетелеген. Рақымшылық жасау туралы заңға Президент қол қойғанын естігенде, төбем көкке жеткендей қуандым, дейді зейнеткер.

Патих Пайзраханов, Гүлзираның әкесі:

Ақталатынына сендім. Неге десеңіз, бұның ауыр қылмыс істемегенін біліп тұрмын ғой. Бәрін маған айтып берді, не болғанын. Естігеннен кейін үміттендім.

Жамбыл облысы бойынша Қаңтар оқиғасына қатысты 43 қылмыстық іс қозғалды. 119 адамға сот үкімі шыққан. Оның 15-і бас бостандығынан айырылды. Ал жеңіл қылмыс жасағандардың барлығы осы рақымшылық заңына ілінбек.

Сержан Әбдіқұл, облыстық Прокуратураның ресми өкілі:

110 тұлғаға қатысты шығарылған үкімдер заңды күшіне еніп, сотталғандар жазасын өтеп жатыр. Олардың ішінде түзеу мекемелерінде – 18, пробация қызметінде 92 сотталғандар бар. Аталған тұлғалардың арасынан Рақымшылық заңына сәйкес 15 жазаларын өтеуден босатылып, 10-ы түзеу мекемесінен бостандыққа шықса, 5 пробация есебінен шығарылды. Ал, 95-нің жаза мерзімдері 4/3 бөлігі қысқартылды. Жазасын өтеп жатқан тұлғалар ішінде рақымшылық заңы қолданылмайтын азаматтар жоқ.

Жыл басында 485 сотқа дейінгі тергеу басталса, қазір 10 тұлғаға қатысты 1 негізгі іс тергеліп жатыр. Яғни бұл Қаңтар оқиғасы бойынша өңірдегі соңғы тергеу ісі. Айт кетейік, жаппай тәртіпсіздік салдарынан өңірге 5 миллиардтан аса шығын келді. 30-дан аса кәсіпкердің жұмысы тоқтап, мемлекеттен өтемақы берілді. 300-дей адам медициналық көмекке жүгініп, бірнеше құқық қорғау қызметкері қақтығыс кезінде қаза тапқан еді.

Нұрдос Болатұлы


Хабарламаларға жазылу