Қазір көптің көкейіндегі басты мәселе: қайтіп күн көреміз?! Екінің бірі «бәрі қымбат» дегенді айтып жүр. Ұлттық банктің соңғы дерегінше, жылдық инфляция 18%-ға жетті. Өткен айда 16% болған еді. Азық-түлік бағасы 22% өссе, азық-түлікке жатпайтын тауарлардың инфляциясы 17% болды.«Кыркүйек айындағы сыртқы шоктарды ескерсек, 2022 жылдың соңына қарай инфляция біздің тамыз айындағы болжамымыздан асып түседі» деді, Ұлттық Банк төрағасы Ғалымжан Пірматов.
Ол кезде инфляция жыл соңында 16-18% аралығында болады деп болжанған еді. Халықаралық сарапшылардың да есебі көңіл көншітпейді. Олар 22-ші жылдың соңы мен 23-ші жылдың басында ірі елдердің экономикасын рецессия күтіп тұр, - деп отыр. Импортқа тәуелді Қазақстанның жағдайы не болатынын болжаудың өзі қорқынышты. Алайда Ұлттық банк төрағасы инфляция өсе беретінін мойындағанымен, «Қазақстан экономикасына рецессия қаупі төніп тұрған жоқ»,-деді.
Жалпы, 2022 жыл тұтас әлемдік экономикаға ауыр тиді. Биыл дамыған елдердің өзінде жылдық инфляция аса жоғары деңгейде болды. Мәселен, АҚШ-та маусым айында көрсеткіш 9,1%. Бұл - 1981 жылдан бергі инфляция деңгейінің ең жоғарғы межесі дейді шетелдік сарапшылар. Еуропа елдерінде де осы шамалас көрсеткіштер тіркелді. ЕуроОдақ құрылғалы мұндай құлдырау болмаған.
Бұған геосаяси ахуалдың ушығуы негізгі себеп болғаны түсінікті. Дамыған елдерде... Ал Қазақстанда бұдан бөлек өзге де факторлар бар. Олардың ең негізгілері: саудадағы делдалдық және 30 жыл бойы шикізат сатушы ел болып қала беруіміз. Данияр Қайыртайдың материалы.
Ғалымжан Пірматов, Ұлттық банк төрағасы:
Жылдық мәнде инфляция 17,7 пайызға дейін жетті. Бұған азық-түлік өнімдері бағасының 22,2 пайызға өсуі айтарлықтай үлес қосты.
«Айтарлықтай үлес» дегені – 55 пайыз екен. Яғни азық-түлік бағасы жылдық инфляцияның осынша бөлігін құрайды. Мұны осы Мәжіліс отырысында Үкімет басшысы айтты. Тамақ өнімдері бір айдың ішінде 1,5 пайыз қымбаттаған. Өсім үдей түскенін саудагерлер де растап отыр.
Лаура Әлібекова, саудагер:
Жаңа саяжай басталды деп күріш қымбаттап келді. Ұнның өзі қымбаттады. Килограмына 5-10 теңгеден көтерілді. Бірақ сол 10 теңгенің өзінде 50 келіге 500 тг қосылады. Баяғыдай біз 10 процент дегенді қоса алмаймыз, асып кетсе 5-7 пайыз қосамыз қазір.
Сонда да халық қымбатшылық үшін саудагерлерге кінә артатын көрінеді.
Бақытжан Тұрлыбаев, саудагер:
20 проценттей өсті ғой соңғы айларда. Күніне қаншама сөз естиміз. Амал қанша енді...
Саудагерлер алыпсатарлар әкелген бағаға тәуелдіміз дейді. Азық-түлік қымбаттауына сол делдалдардың әсері көп екенін осы аптада Президент те айтты. Тауарды сауда сөресіне жеткізу тізбегінен алыпсатарларды жою үшін электрондық шот-фактура енгізілді деді, Сауда министрлігінің өкілі.
Олжас Әділбеков, ҚР Сауда және интеграция министрлігінің басқарма басшысы:
Біріншіден, ол бізге тауарға қанша сауда үстемесі қосылғанын көрсетеді. Екіншіден, қанша делдалдардың санын көрсетеді. Әр азық-түлікте өз делдалдары бар. Бір жерде 3-4 делдал болады, бір жерде 6-7-ге дейін барады. Әрқайсысы 15 пайыздан қосып отырғанда бағаның өсуіне алып келеді.
Сондай-ақ, сауда орындары тікелей өндірушілермен жұмыс істеуі үшін меморандумдар жасалыпты. Бірақ ол тек әлеуметтік маңызы бар делінетін 19 түрлі азық-түлікке ғана қатысты. Азық-түліктен кейін үйге қажет маңызды тауар – тұрмыстық химия. Оның кейбірі, тіпті, екі есе қымбаттаған. Себебі сырттан әкелінеді.
Бекзат Қожамұратов, саудагер:
40-50 пайыз, кей тауарға 100 пайыз қосылып жатыр. 90 проценті Ресейдікі немесе Ресей арқылы келеді. Отандық өнімдер әлі шыға алмай жатыр нарыққа. Не бағасы қымбат, не шикізатын шет елден сатып алады.
Былтырғы статистика бойынша Қазақстанға әкелінетін бүкіл импорттың 42 пайызы Ресейге тиесілі екен. Ал ол елге түрлі экономикалық санкциялар салынғалы Қазақстанға тауар жеткізу қиындай түскен. Бұл оның бағасына әсер етті дейді экономист.
Меруерт Махмұтова, экономист:
Импортпен келетін тауардың бәрі де валюталық саясатқа, айырбастау деңгейіне байланысты. Бізде биыл Қазақстанның теңгесін Ресей рубліне қарағанда ҰБ да, Үкімет те құнсыздандырып жіберді. Бұрын 5-5,5 маңайы болса, қазір 8,5-9 маңайы, тіпті жазда 10-ға да тақап қалды. Сондықтан бізге Ресейден келетін тауардың бәрі қымбатқа түсіп отыр.
Экономист соңғы айда тауарлардың қымбаттауына Ресейдегі мобилизациядан қашқан мигранттар да түрткі болғанын айтады.
Меруерт Махмұтова, экономист:
Және бір фактор Қазақстанға Ресейден мигранттар келіп отырғаны. Себебі бізде тауарлардың саны қатты көбейген жоқ, ал тұтынушылардың саны көбейді. Сондықтан сатып отырғандар, сауда орталықтары не істейді? Бағаны көтереді.
Данияр Қайыртай, тілші:
Ұлттық банк төрағасы «жыл соңына қарай инфляция тамыздағы болжамымыздан асып түседі» деп, оған себеп ретінде «қыркүйек айындағы сыртқы шоктарды» айтқанда осы жағдайды меңзесе керек. Оның үстіне қазір маусымға сай көкөніс, жеміс-жидек бағасы төмендеген. Қысқа қарай қымбаттаса – инфляция да үдейді.
Ерке Сәтиева, саудагер:
Әсіресе пияз, картоп жылда осы уақытта арзан болады. Қысқа қарағанда. Қазір енді маусымы ғой. Өткен айда пияз 150 болса, қазір 110. Картошка 140-150 болса, қазір 130 тг. Сәбіз 190 болса, қазір 115. Капуста қазір 100 тг.
Меруерт Махмұтова, экономист:
Күн суығанда бұның бәрі қысқарады. Сондықтан ары қарай да баға өседі деп болжам жасауға болады. Сондықтан жылдың аяғына 20 пайызға да барып қалады. Оған қоса электроэнергияның бағасын көтереміз деп жатыр. Әр бағаның ішіне электроэнергия кіреді. Ол да инфляцияның ары қарай да өсуіне үлесін қосады.
Ұлттық статистика бюросының соңғы дерегі бойынша, әр отбасы табысының жартысынан көбін, дәлірегі 51,4 пайызын ішіп-жемге жұмсайтын көрінеді. Ел ішінде ас-ауқатқа бар табысын жарататындар да, жеткізе алмайтындар да бар.
Азық-түлік инфляциясы мен табыстың жетіспеушілігі халықтың көңіл күйіне әсер ететін басты факторлардың бірі дейді әлеуметтанушы.
Нұрболат Айекешов, әлеуметтанушы:
Тұтынушының 70 пайыздан астам шығыны физиологиялық қажеттіліктеріне жұмсалса, онда ол халық немесе әлеуметтік қауымдастық кедейленген деген сөз. Бұл әлеуметтік қақтығыстарға, халықтың көтерілісіне әкелуі мүмкін.
Данияр Қайыртай