Мемлекет басшысы: «Ақсу» қант зауытын тез арада іске қосу қажет - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мемлекет басшысы: «Ақсу» қант зауытын тез арада іске қосу қажет

23.10.2022

Президент шетелдік компаниялардың релокациясы үшін Талдықорғанда орналасқан индустриалдық аймақты да ұсынды. Өйткені оның қажетті инфрақұрылымы бар.

Тоқаев ауыл шаруашылығы тауарларын шикізат түрінде тасымалдауды азайтып, біртіндеп өңдеу өнеркәсібін дамыту керек, -деді. Осы саланы жетілдіру үшін қазір – таптырмас уақыт. Өйткені Ресейге салынған санкциялар – Қазақстан үшін жаңа мүмкіндіктер. Бос қалған нарықты толтырып, табыс табуға болады.

Ал әзірге Жетісу облысы бойынша 100 мың гектардан астам жер пайдаланылмай бос жатыр. Жер суаратын желілердің 70 пайызы тозып кеткен. Байқасаңыз, көбіне-көп өңірлердің проблемалары бірдей. Жер көп, су жоқ, желілер ескірген...

Биыл жазда қант қат болып, шу шыққанда Жетісу облысын жиі еске алдық. Өйткені еліміздегі 4 қант зауытының екеуі осы өңірде орналасқан. Алайда біреуінің жұмысы қазір тоқтап тұр. Шикізат жетпейді. Өйткені қант қызылшасын өсіретін алқаптар азайып кеткен. Жаңа ғана келтірген фактті қайта айтып кетейін: Жетісу облысында 100 мың гектардан астам жер бос жатыр! Парадокс... Өңірдің осы және өзге де өзекті мәселелерін Ақерке Бектас талдайды.

Жері құнарлы, даласы төрт түлікке қолайлы болғанымен Жетісуда мыңдаған гектар жер игерілмей бос жатыр. Біраз аумақты бұрын иеленіп үлгергендер оны игеруге асықпады. Соның салдарынан шаруалар мал басын шектеп ұстауға мәжбүр болды.

Халықтың талабы Президентке де жетіпті. Жетісу тұрғындарымен кездесуде Тоқаев мырза игерілмеген жердің тең жартысы мемлекет меншігіне қайтарылғанын жеткізді. Енді бұл жер шаруаларға әділ бөлініп берілуі тиіс.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Жер – халықтың байлығы. Ол барлық азаматтың игілігіне жарауы керек. Әкімдер бұл мәселені қатаң бақылауда ұстауы қажет. Бүгінде аймақтағы жер суаратын желілердің 70 пайызы тозып тұр. Оның бәрін жаңғыртып, қалыпқа келтіру керек.

Тағы бір өзекті мәселе – қант өндірісі. Оның бірден қымбаттап, тапшылық туындауына құзырлы органдардың салғырттығы себеп. Осылай деген Қасым-Жомарт Тоқаев «проблема өзіміздің шаруаларды қолдау керегін көрсетті» деді. Оның үстіне елде қант қызылшасын өсіретін алқаптар азайып кеткен. 4 зауыттың екеуі Жетісуда. Бірақ 12 млрд теңге инвестиция құйылған «Ақсу» қант зауыты жұмыс істемей тұр.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Тез арада жұмыс істемейтін зауытты толығымен іске қосу қажет. Керек болса, бұған өзге инвесторларды тартуға болады.

Сонымен өңірдегі екі зауытты жүз пайыз іске қосып, 4 жылда қант көлемін 180 мың тоннаға дейін жеткізу жүктелді. Жолдың жайы бұл жолы да күн тәртібінен түскен жоқ.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Ең алдымен, жолдың сапасы жақсы болуы керек. Бұл жергілікті жұрттың тұрмысына және көлік қозғалысының қауіпсіздігіне тікелей әсер етеді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Елімізде жол апаттары, оның ішінде адам өліміне әкеп соқтырған оқиғалар көбейіп барады. Жол құрылысы кезіндегі жемқорлық пен селқостықты түбірімен жою үшін жүйелі шаралар қабылдау керек.
Ақерке Бектас, тілші:
Президент әлеуметтік проблемалардан бөлек, экономиканың дамуын тежейтін бірқатар мәселеге тоқталды. Әсіресе кедендегі жағдай. Карантин шектеуі кезінде қазақ-қытай шекарасында қаншама жүк көлігінің қаңтарылып тұрғаны есте. Қасым-Жомарт Тоқаев жүргізушілер наразылығы орынды деп, «Алакөл» мен «Нұр жолы» өткізу бекеттеріне электрондық кезекті тездетіп енгізуді жүктеді.

Жетісу тұрғындары білімге де инвестиция құйылып, жаңа мамандықтар оқытуға ден қойылғанын қалайды. Әсіресе жастар. Өйткені өңірде бір ғана жоғары оқу орны бар.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Үкімет облыстық әкімдікпен бірлесіп Талдықорғанда ірі шетелдік технологиялық университеттің филиалын ашуды пысықтап жатыр.

Қасым-Жомарт Тоқаев бұл жолы да халықты адал еңбекке шақырды. Президентпен кездесуде кеудесіне орден таққан Ардақ Абайұлы адамды еңбекқорлық ғана көркейтетінін жақсы білемін дейді. Ол Алакөл ауданында 27 жылдан бері мал шаруашылығымен айналысып келеді екен.

Ардақ Абайұлы, шаруа қожалық шопаны:
Біз жайлауға көшеміз, қыстауға көшеміз, күзек көшеміз. Мал бағу да оңай емес. Таңертеңнен кешке дейін ат үстінде жүреміз. Суықта жүреміз. Өзімнің еңбегімді сүйем, жақсы көрем. Соның жемісі мынау. Еңбек болмаса осындайға жетем бе?

Еңбек ине-жіпті жиырма жыл бұрын қолына алған Ғалия Бекболованы да табысқа жеткізді. Жетісу фабрикасына екі ай бұрын жұмысқа орналасқан зейнеткер әріптестерімен бірге күніне 200-ге жуық жұмысшы киімін тігеді.

Ғалия Бекболова, тігінші:
Адам өз ісін меңгеріп, ұнатып істеу керек қандай сала болса да. Біреу сенің тіккен киіміңді кисе, соның өзі қуаныш.

Жетісу сапары кезінде Президент «Айсұлу» тігін фабрикасына барып, бизнесті дамытудың жақсы үлгісін көрсетіп отыр деп бағалады. Кәсіпорын жылына 1,5 млн медициналық маска шығаруға қауқарлы.

Жарылқасын Болатұлы, Жетісу тігін фабрикасының директоры:
Бізде Талдықорғанда тігіншілер 50-60 мыңнан артық айлық алмайды. Біз 200 мың теңге жалақы береміз. Кім көп жұмыс істесе, көбірек табады. 300 мың алатындар да бар.

Фабрикаға әлі 150 тігінші қажет. Жақында кәсіпкерлер тағы бір гектар аумаққа қосымша цех ашпақ екен. Жеңіл өнеркәсіпте аймақтағы мың адам еңбек ете алады. Онда мектеп формасынан бастап тұрмысқа қажетті түрлі заттар шығарылады.

Ақерке Бектас


Хабарламаларға жазылу