Осы аптада Президент Алматы және Жетісу облыстарына барды. Қонаев қаласының көліктік-географиялық жағдайын ұтымды пайдалануға болады. Қонаевтан Орталық және Солтүстік Қазақстан арқылы Ресей мен Еуропа елдеріне шығуға мүмкіндік бар. Алматы облысының бір тарапы Қытайға апарады. Кезінде қала мен оның төңірегінде өндірістік инфрақұрылым құрылып, зауыттар іске қосылған еді. Бірақ солардың басым бөлігі не азып-тозған, не тұралап қалған. Кеңестік кезеңнен бері жөндеу көрмеген тұрғын үйлер мен кәріз жүйелері де көп. Ал айналасындағы су айдындарын ауыл шаруашылығын дамыту үшін тиімді пайдалана алмай отырмыз. Су тапшылығынан Алматы облысындағы 80 мың гектар суармалы жер игерілмей бос жатыр.
Тоқаев арық-каналдардың көбі жерге сіңіп кетіп, ысырап болғанын сынға алды. Аймақтағы Үлкен Алматы каналын алсақ... Канал Дінмұхамед Қонаевтың атын иеленген. Өйткені оның салынуына Қонаевтың өзі бастамашы болған. Дінмұхамед Ахметұлы кезінде Саяси бюродағы таныстары мен жеке абыройының арқасында канал үшін 270 млн совет рублін бөлгізген екен. Ол кез үшін бұл – өте үлкен сома. 3,5 жыл салынып, 80-жылдары қолданысқа берілген Үлкен Алматы каналы содан бері бірде-бір рет күрделі жөндеуден өтпепті.
Қонаев қаласы мен Алматы облысының тағы қандай проблемалары бар? Индустриялық қана емес, Академиялық қалашыққа да айналдыру үшін не қажет? Досжан Маратұлының материалы.
Қазір Қонаев облыс орталығы болғанымен, сол функциясын толыққанды атқара алмай тұр. Аймақ жұрты емделуге, жастары білім алуға онсыз да адамы көп Алматыға ағылады. Өйткені өңірде оқу орындары жоқ. Сондықтан мемлекет басшысы Қонаевта академиялық қалашық салып, түрлі университеттердің филиалын ашуды тапсырды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Әрине, жастардың Алматы сияқты ірі қалада оқып, жұмыс істегісі келетіні түсінікті. Дегенмен, Қонаев студенттер үшін өте ыңғайлы қала болар еді деп ойлаймын. Бұл жақта жатақхана салуға жер жеткілікті, пәтер жалдау да қымбат емес. Құзырлы министрлік Қонаев қаласында Алматыдағы жоғары оқу орындары мен колледждердің бөлімшесін ашу мәселесін қарастыруы керек.
Өйткені білім болса, кадр мәселесін шешіп, аймақ әлеуетін толық пайдалануға болады деді, Тоқаев. Қазір әкімдік білім ошақтарының бөлімшелерін ашу үшін келіссөздерді бастады.
Аслан Ораз, облыстық Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы:
Туризм және спорт университетін ашу ойымызда бар. Сосын мынау министрліктермен келіссөздер жүргізіп жатырмыз. Мүмкін Политех университеті, Энергетика университеті, медицина Асфендияров атындағы университеттердің осы жерден филиалдарын ашу бойынша келіссөздер жүргізіліп жатыр.
Университеттер ғана емес, мектептер, балабақшалар, ауруханалар мен мәдениет және спорт нысандары, әкімшілік ғимараттар қажет. Оны салу кезінде қаланың жаңа мәртебесін ескеру керек, - деді мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Жаңа облыс орталығына жаңа бас жоспар керек. Түрлі ғимараттар, сәулетті нысандар салу үшін архитектуралық байқау ұйымдастыруды қарастырған жөн. Қаланың өзіне тән бірегей стилі болуы керек.
Қазір 50 мыңнан астам тұрғыны бар Қонавтың салынғанына жарты ғасырдан асты. Сондықтан Президент әбден тозған инфрақұрылымды да қалпына келтурді тапсырды. 58 шақырымға созылған жылу жүйесі күрделі жөндеуден өтуі тиіс.
Нұрлан Құматаев, Қонаев қаласының әкімі:
Толығымен мына жерде инженерлік желілердің барлығын ауыстырамыз. Оның үстіне мына кәріз жүйелері бар. Оны қазір қолға алып жатырмыз. Жобалық сметалық құжаттарын жасап, оның бәрін әзірлеп сараптамадан өткізіп қаражат бөлуге ықпал жасап жатырмыз.
Облысқа келсек, Алматы өңірінің экономикалық әлеуеті зор. Мұнда өңдеу өнеркәсібінің үлесі 90%. Азық-түліктен бастап құрылыс метариалдарының 70 түрі өндіріледі. Оны арттыру үшін облыста тағы бір экономикалық аймақ пайда болып, бизнесті қолдау күшейеді. Тағы бір мәселе су тапшылығы. Ол аграрлы өлкенің дамуын тежеп отыр.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Су тапшылығынан 80 мың гектар суармалы жер игерілмей бос жатыр. Биыл Алматы облысының суару жүйесін ретке келтіру үшін республика бюджетінен 5,7 миллиард теңге бөлінді. Бірақ, бұл жеткіліксіз. Үкімет бюджеттің мүмкіндіктерін ескере отырып, қаржыны көбейту мәселесін қарастыруы керек.
Туризмді дамыту - тағы бір міндет. Былтыр өңірдегі Іле Алатау, Шарын, Көлсай секілді жерлерге 1,5 млн турист келген. Инфрақұрлымды дамытып, оның санын тағы арттыру жүктелді. Бірақ ұлттық парктер мен саябақтарды жекешелендіруге жол беруге болмайды деді, мемлекет басшысы. Әрі сағызша созылған Алматы-Астана тас жолының құрылысын шапшаңдатып, Қонаев-Алматы арасындағы электр пойызын қайта іске қосуды тапсырды. Қысқасы Қасым-Жомарт Тоқаев Қонаевты көркейтіп, облысты өркендету үшін басым бағыттарды айқындап берді. Аймақ орталығын қысқа уақытта өмір сүруге қолайлы «ақылды» қалаға айналдыру керек.
Досжан Маратұлы