Егін науқаны: Үржарлық шаруалар 2 миллиард теңгеге техника алған - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Егін науқаны: Үржарлық шаруалар 2 миллиард теңгеге техника алған

21.10.2022

Абай облысындағы Үржар ауданында егін науқаны қызып тұр. Биыл жаз бойы қуаңшылық болғанына қарамастан, диқандар түсімге көңіліміз толады дейді. Соңғы жылдары заманауи техникамен жер өңдеп үйренген егіншілер өнімді де шашау шығармай жинауға машықтанған. Биыл олар шетелден 2 миллиард теңгенің ауыл шаруашылық техникасын сатып алыпты.

Ерлі-зайыпты Александр Мар мен Ғалия Байжұманова жер өңдеумен айналысқалы 30 жылға жуықтаған. 1,5 мың гектарға күнбағыс пен дәнді-дақыл егеді. Қазір өңірдегі табысты шаруашылықтың бірі. Мемлекеттің қолдауының арқасында техника атаулыны соңғы жылдары түгел жаңартқан.

Александр Мар, диқан:

Үкіметтің арқасында сол субсидияға комбайн алдық. Тракторлар алып жатырмыз. 

Ғалия Байжұманова да науқан кезінде үнемі егістік басында. Жұмысты жеңіл-ауыр деп бөлмей, ерлермен тең еңбек етеді. Кез-келген техниканы тізгіндеп, шаруаның қызған шағында науқанның бел ортасынан табылады.

Ғалия Байжұманова, диқан:

Жерді еккеннен бастап, еңбектенгеннің арқасында осындай нәтиже алып жатырмыз. Жолдасыма көмектесемін. Тракторға да отыра беремін.

Диқаншылар отбасы соңғы үлгідегі мына комбайнды биыл 80 миллион теңгеге Еуропадан сатып әкелген. Техниканың тиімділігіне көз жеткізген соң, келер жылы жер жыртатын ірі кешен алуды жоспарлап отыр. Жалпы биыл үржарлық шаруалар үкімет қолдауының арқасында заманауи үлгідегі 190 техника сатып алған. Оған қоса өзге де жеңілдіктердің игілігін көріп отыр.

Ерзат Болатов, Үржар аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы:

Дизель отыны ауданға кепілдік көлемімен бөлінді. 2340 тонна. Алып егіндерін орып жатыр. Тыңайтқыштар, гербицидтер сатып алғанға қожалықтарға 277 миллионның үстінде субсидиялар төленіп берілді.

Биыл Үржар өңірінде 191 мың гектар жерге майлы және дәнді дақыл салынған. Жауын-шашын болмаса, егін орағы енді бір аптада аяқталмақ.

Хабарламаларға жазылу