Кестеден кешіккен жол құрылысында көзбояушылық көп - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Кестеден кешіккен жол құрылысында көзбояушылық көп

20.10.2022

Атырау-Астрахань автомагистралі де биыл мерзімінен кешікті. Ол аз болғандай республикалық маңызға ие тас жолдан тапсырылмай жатып, кемшіліктер анықталды. Олқылықты жоюға мердігер мекемелер асығар емес. Жол құрылысында бұдан да басқа кінәрат жетеді. 

Транзиттік жолдың шекарамен түйісетін 40 шақырымы дайын тұр. Жоспар бойынша былтыр берілуі тиіс еді. Бірақ әлі ресми түрде тапсырылмады. Бір жылдан астам уақытқа кешігуде. Қазір жобаға түзетулер енгізіліп жатыр. Оған басты себеп- құрылысқа қажет шикізат таптырмайды. Мәселен, арматура 2 есеге, битум 2-3 есеге, ал, қиыршық тас 50 пайызға қымбаттаған. Тасымал да қиын.

Бердібек Өмірбаев, Мердігер мекеменің жоба жетекшісі:
Метериалдардың жетпеуінен, кеш келуінен сол себептерден кешігу болып жатыр. Шебень, битум сол негізгі материалдар жетпейтін.

Жоспарды уақытылы орындау үшін талап бойынша күніне 250-300 вагон материал жеткізілуі тиіс. Ал, қазір бар болғаны 60-70 вагон ғана келіп тұр. Исатай ауданындағы учаскеде жаз бойы битум болмай жұмыс тұралап қалған. Енді ғана жанданып жатыр.

Талғат Төлебаев, учаске басшысы:
Жергілікті жерде қиыршық тас өндіретін құрылғы жоқ. Бізге Ақтөбе облысы Бершігүлден келеді материалдардың барлығы. Вагон жетіспейді. Сол жағынан біраз қиыншылықтар болып жатыр.

Қазір жол құрылысына 5 мердігер жұмылдырылды. 4 учаскеде жұмыс ептеп жүріп жатыр.

Жандос Темірғали, тілші:
Кешігу барлық учаскеде бар. Біз қазір Атырау-Астрахань автомагистралінің 57-ші шақырымында тұрмыз. Бұл жерде асфальттің екінші қабаты төселіп жатыр. Жол құрылысшылары егер құрылыс материалдары уақытында жеткізілетін болса кідіріс жасамаймыз деп отыр.

Халықаралық талаптарға сай болады делінген жол сапасында, шикілік көп. Автомагистральға бас-аяғы 185 тексеріс жүргізіліп, 500-ден астам сынама алынды. 61 ақау анықталды. 74 сынама нормативтік құжатқа сай болмай шықты. 17 кемшілік әлі жойылмады.

Дәурен Кенжешев, «Жол активтері ұлттық сапа орталығы» филиалының инженері:
5-40 фракциялық шебеннің орнына 0-40 фракциялық шебень төселген. Және асфальтті бетондардың ақаулары бар. Керндардың қалыңдығының келмеуі.

30 жылдан астам уақыт бірде-бір рет жөндеу көрмеген автомагистральдің 4 жыл дегенде 20 шақырымы ғана тапсырылды. Мердігер компаниялар биыл қаладан Жанбай ауылының тұсына дейінге 90 км-ге асфальттің бірінші қабатын төсеп, көлік қатынасы үшін уақытша жағдай жасаймыз деп отыр. Одан басқа айналма жолда апат көп. Екі жылдың айналасында 11 адам жол апатынан көз жұмған.

Жандос Темірғали


Хабарламаларға жазылу