Президент Ақсу зауытын қайта іске қосуды жүктеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Президент Ақсу зауытын қайта іске қосуды жүктеді

20.10.2022

Құзырлы органдардың салғырттығынан қант бірден қымбаттап, тапшылық туындады. Жетісу халқымен кездескен Қасым-Жомарт Тоқаев қант тапшылығы мәселесі, өзіміздің шаруаларды қолдау өте маңызды екенін көрсетті деді.

Ақерке Бектас, тілші:

Елдегі 4 қант зауытының екеуі осы Жетісу өңірінде орналасқан. Алайда оның біреуі – Ақсу қант зауыты қазір жұмыс істемей тұр. 5 жыл бұрын іске қосылған кәсіпорынға 12 млрд теңге жұмсалған еді. Бірақ серіктес инвестор тарапынан серпінді жұмыс байқалмайды деді Президент. Сондықтан тез арада өзге инвестор тартып, жұмысы тұралап қалған зауытты қайта қосуды тапсырды. Екі сауытты 100 пайыз іске қосуды жүктеді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Қант саласын дамытудың 2026 жылға дейінгі кешенді жоспары әзірленді. Оған 500 миллиард теңгеге жуық инвестиция салу көзделіп отыр. Алдағы 5 жылда өзіміз өндіретін қанттың үлесі 7-ден 43 пайызға дейін өседі. Биылғы қант тапшылығы мәселесі өзіміздің шаруаларды қолдау өте маңызды екенін көрсетті. Жәрдем шаралары тек қазақстандық фермерлерді қолдауға арналған.

Ақерке Бектас, тілші:

Енді Жетісу облысында қант қызылшасы егілетін аумақ 2,5 есе ұлғайып, 15 мың гектарға жеткізіледі. Тағы бір өзекті мәселе – карантин шектеуіне байланысты қазақ-қытай шекарасында кетпеліп қалған жүк көліктері. Қасым-Жомарт Тоқаев жүргізушілер наразылығы орынды, «Алакөл», «Нұр жолы» өткізу бекеттеріне электрондық кезекті тездетіп енгізуді тапсырды. Аймақ тұрғындарын газ, таза ауыз сумен қамту мәселесі де күн тәртібінен түскен жоқ.

Ақерке Бектас


Хабарламаларға жазылу