Брюссельде Берлин Еуразиялық конференциясының 35-отырысы өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Брюссельде Берлин Еуразиялық конференциясының 35-отырысы өтті

19.10.2022

Еуропалық Одақ Қазақстанмен транзит, көлік қатынасын нығайтып, алыс-берісті арттыруға ниетті. Брюссельде өткен Берлин Еуразиялық конференциясының 35-отырысында тараптар екі жақты қатынасты нығайтудың жолдарын және еліміздегі әлеуметтік модернизацияны талқылады. Басқосуға ЕуроОдақ өкілдері, саясаткерлер мен кәсіпкерлер қатысып, Қазақстандағы соңғы реформаларды жоғары бағалады.

Азық-түлік тапшылығы, энергетикалық дағдарыс, геосаяси ахуалдың ушығуы - әлем елдерін әбігерге салды. Еуропалық Одақ «Жаһандық қақпа» бастамасы арқылы Азиямен алыс-берісті арттырудан үмітті. Қазақ тарапы ұсынған Транскаспий халықаралық көлік маршруты Қытайдан Қазақстан, Әзірбайжан, Грузия арқылы Еуропаға тауар тасымалдаудың таптырмас алаңы. Дәл осы бағытпен еуропалықтар да өзінде барды Азия нарығына шығарады.

Танели Лахти, Халықаралық серіктестік жөніндегі еурокомиссар кабинетінің жетекшісі:

Орталық дәліз-креативті, өршіл бастама. Қазіргідей қиын кезеңде Транскаспий маршрутының мүмкіндігін пайдалану өзекті. Осы басқосу көкейкесті мәселелерді талқылап, шешу жолдарын қарастыруға керемет мүмкіндік.

Михаэль Хармс, Герман экономикасы шығыс комитетінің басқарушы директоры:

Бұл дәліздің Әзірбайжан мен Грузиядағы бекеттері инвестиция құюды қажет етеді. Қазақстан тарапы серіктестерімен бірігіп, осы маршрутты дамытуға барын салып жатыр. Еуропалық Одақ үшін қазір Орталық Азия елдерімен, әсіресе Қазақстанмен энергетика, инфрақұрылымды дамыту, қауіпсіздік мәселелерінде ынтымақты арттыру маңызды.

Басқосуда елдегі саяси-әлеуметтік реформалар да жан-жақты сараланды. «Соңғы өзгерістер-жаңа инклюзивті азаматтық қоғам құруға зор мүмкіндік-дейді, еуропалық сарапшылар.

Сванте Корнелл, Стокгольмдегі даму және қауіпсіздік саясаты институтының директоры:

Президент Тоқаев елді жаңа бағытта дамытуға арналған нақты жоспарды жариялады. Соңғы реформалар «қоғам мемлекет үшін не істей алады емес, мемлекет қоғам мен қарапайым халық үшін не істей алады деген қағидаға құрылған. Билік пен бұқараның арасындағы қатынастың түбегейлі өзгеруі құптарлық.

Отырыста экономика, экология, гендерлік теңдік, адам құқы, заңның үстемдік етуі мәселелері де назардан тыс қалмады. Еуропалық Одақ өкілдері Қазақстанның жасыл энергияны дамыту, 2060-жылға қарай көміртегінен арылу жобасын қолдайды. Және өзінің осы саладағы озық тәжірибесімен бөлісуге дайын. Серіктестікті бекемдеуге бағытталған жобалар Еуропалық кеңестің төрағасы Шарль Мишельдің Астанаға сапары барысында да кеңінен талқыланбақ. 

Нұрсұлу Қасым


Хабарламаларға жазылу