«Almaty Superski» тау курортын салу жобасы қоғамдық талқыға түсті
Алматы облысында Алматы тау кластерін дамыту жобасына қатысты қоғамдық талқылау өтті. Жиында экологтар, қоғам белсенділері, тұрғындар мен сала мамандары «Almaty Superski» жобасының болашағын талқылады. Жоба аясында Шымбұлақ пен Oi-Qaragai курорттарын біртұтас туристік жүйеге біріктіру көзделіп отыр. Ол үшін Кімасар, Бұтақты шатқалдары мен Pioneer демалыс аймағы арқылы жаңа аспалы жолдар мен тау шаңғысы бағыттары салынбақ. Сондай-ақ төрт маусымға арналған туристік инфрақұрылым дамытылып, жаяу серуендеу мен маунтинбайк бағыттары ашылады. Pioneer аумағы инклюзивті демалыс орны ретінде жабдықталып, мұнда заманауи қар көшкініне қарсы қауіпсіздік жүйелері орнатылмақ. Алайда қоғамдық талқылауда тұрғындар Іле Алатауы табиғатына келетін экологиялық жүктеме, ағаштардың кесілуі мен урбанизация қаупіне алаңдаушылық білдірді. Ал мамандар барлық құрылыс халықаралық экологиялық талаптарға сай жүргізілетінін айтты.
Александр Руденко, «Almaty Tau Management» компаниясы басқарма төрағасының орынбасары:
Жоба бірнеше шатқалды біріктіреді. 100 шақырымнан асатын шаңғы жолдары мен 28-ден аса аспалы жол салу жоспарлануда. Яғни, Шымбұлақ пен Oi-Qaragai курорттарын байланыстыруды көздеп отырмыз. Негізгі мақсат – «Медеу» базалық станциясын Oi-Qaragai курортымен біртұтас жүйе арқылы қосу. Жаңа бағыттар Алматының туристік әлеуетін арттырып, тау туризмін халықаралық деңгейге шығаруға мүмкіндік береді.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы