Басты Жаңалықтар Сенат төрағасы әлеуметтік дәмхананың қызметімен танысты

Сенат төрағасы әлеуметтік дәмхананың қызметімен танысты

Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев елордадағы әлеуметтік дәмхана ұжымымен кездесті. Нысан Nazarbayev University-де орналасқан. Инклюзивті жоба он жылдан бері жұмыс істеп келеді. Мұнда менталдық даму ерекшелігі бар азаматтар мен олардың отбасыларына ортаға бейімделуге және жұмысқа орналасуға қолдау көрсетіледі. Кездесу барысында Мәулен Әшімбаев қазіргі таңда әлеуметтік кәсіпкерліктің экономикалық маңызы артып келе жатқанын айтып, еліміздің басшылығы тарапынан бұл бағытты дамытуға айрықша көңіл бөлініп отырғанын тілге тиек етті. Мемлекет басшысының тапсырмасымен сенаторлар арнайы салалық заң әзірлеген. Дамыған елдерде әлеуметтік кәсіпкерлік экономикалық өсімнің тиімді қозғаушы күшіне айналғаны белгілі. «Kunde» дәмханасы да өз қызметі арқылы инклюзивті қоғам қалыптастыруға үлес қосуды көздейді.
Мәулен Ахметов, Әлеуметтік дәмхананың негізін қалаушы:
Мемлекет, үкіметтік емес ұйымдар мен қоғам белсенділері ерекше қажеттілігі бар балалар мен жасөспірімдерге қолдау көрсету бағытында ауқымды жұмыс атқарып келеді. Соның ішінде инклюзивті білім беру мәселесіне ерекше назар аударылып отыр. Біз көптеген баламен таныстық. Қазір олардың жасы 10-ның шамасында. Алайда арада 7-8 жыл өткенде, олар кәмелет жасына толғанда не істейді? Қайда барып, қалай қоғамға бейімделеді? Міне, осы сұрақтар бізді алаңдатты. Сондықтан біз «Күнде» жобасын іске қостық. Жобаның негізгі мақсаты – адамдардың бір-біріне және өзіне деген көзқарасын өзгерту, қоғамда қабылдау мәдениетін қалыптастыру.

Бөлісу