Жамбыл облысында күкірт қышқылын өндіретін зауыт ашылды
Еліміздегі химия өнеркәсібінің орталығы саналатын Жамбыл облысында тағы бір ауқымды зауыт ашылды. Бүгін Сарысу ауданында жылына 800 мың тонна күкірт қышқылын өндіретін кәсіпорын өз жұмысын бастады. Өндіріс ошағы ресейлік «Еурохим» компаниясының 170 млн доллар инвестициялық қаржысына салынды.
Жаңа жоба Қазақстан мен Ресейдің әлеуметтік стратегиялық серіктестігінің айқын көрінісі. Жылына 800 мың тонна өнім өндіретін кәсіпорын елдегі өнеркәсіп саласын өрге сүйрейді. Өйткені зауыттан шығатын күкірт қышқылы уран алу, металлургия мен минералды тыңайтқыштар алуда қолданылады. Ал еліміз жылына 3,5 млн тонна күкірт қышқылын пайдаланатындықтан зауыт ішкі нарықты қамтуға үлес қоспақ.
Игорь Ахмеров, «Еурохим» ЖШС бас директоры:
Зауыттың ашылуы жобаның 2-кезеңі аяқталғанын білдіреді. 2027 жылдың 1-тоқсанында толық қуатта іске қосыламыз. Сондықтан облыс әкімімен кадрлық әлеуетті арттыру мақсатында техникалық колледж ашуды жоспарлап отырмыз. Өйткені химиялық кешенді толық іске қосқанда жұмысшылар саны өседі. Демек жергілікті кадрларды дайындау керек. Сондай-ақ баспана, мектеп пен балабақша салу жоспарымызда бар.
Ал кешен толық қуатына шыққанда 1 миллион тоннаға дейін өнім алады. Мұнда қазірдің өзінде 330 адам жұмыс істейді.
Ербол Қарашөкеев, Жамбыл облысының әкімі:
Жамбыл облысын Қазақстанда химия өндірісінің орталығы деп санауға болады. Облысымызда 44 ірі және орта химия саласындағы кәсіпорындар жұмыс атқарады. Яғни осы кәсіпорын 45-болып отыр.
Айта кетейік аймаққа биыл 471 млрд теңге инвестиция тартылды. Бұл қомақты қаржыға 47 кәсіпорын ашылады. Ал алдағы төрт жылда құны 5,6 трлн теңгеге 116 жоба іске аспақ.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы