Мәжіліс «Қазақстан Республикасының цифрлық активтері туралы» заң мен 4 ілеспе заң жобасын мақұлдады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мәжіліс «Қазақстан Республикасының цифрлық активтері туралы» заң мен 4 ілеспе заң жобасын мақұлдады

16.10.2022

Осы апта Мәжіліс «Қазақстан Республикасының цифрлық активтері туралы» заң мен 4 ілеспе заң жобасын мақұлдады. Бұған сәйкес, енді Қазақстанда майнерлер салық төлеуге міндеттеледі. Бұл не үшін қажет?

Цифрлық валюта пайда болғалы бұл сала қадағаланбай, жүгенсіз кетті. Салдары: онсыз да энергетикалық дағдарыс алдында тұрған қазақстандық станцияларға салмақ түсті. Майнерлер ісін көбіне көлеңкеде дөңгелеткенді қалайды. Өйткені тоқты көп тұтынады. Оның төлемақысын өтеуге де құлықсыз. Криптобизнестің тағы бір кері әсері: цифрлық сауаты жоқ адамдар алаяқтардың арбауына түсіп жатыр. Мәселен, АҚШ Федералды сауда комиссиясының соңғы есебіне сәйкес, былтыр кемі 46 мың адам 1 мллрд доллардан астам ақшадан айрылды.

Демек, көзбен көріп, қолмен ұстай алмайтын цифрлық қаржыны жатырқасақ та, қолданысқа еніп кеткенін мойындауымыз керек. Әрі заңмен реттеген жөн. Азамат Бейбітұлы жалғастырады.

Бұл аптаны осылай қорытындыладық. Келесі жексенбі жүздескенше аман-сау болайық, ағайын.

2017 жылдан бастап майнинг компаниялар Қазақстанға ағылды. Қалағанынша ферма ашып, қалағанынша электр энергиясын қолданды. Нәтижесінде, Қазақстан криптовалюта өндіруден әлемдегі ең ірі ойыншылардың біріне айналды. Америкадан кейін екінші орын. Бірақ, елдегі электр энергиясы кей өңірлерде профициттен дефицитке жетті.

Бек Сарбасов, сарапшы:

Бізде жалпы ескі тәсілмен өндіріліп жатыр электр энергия. Көмірбен, газбен. Сол себепті, бізге қанша есе көп майнинг қосылса сонша есе бізде жалпы экологияға, екінші электр станцияларға күш түседі.

Майнинг фермалары әдетте тәулік бойы жұмыс істейді. Есептеу процесі бірнеше минуттан бірнеше күнге, тіпті аптаға дейін созылуы мүмкін. Ал, майнингтің бір техникасы шамамен үш бөлмелі пәтерден 8 есе артық энергия тұтынады. Елімізде кеңестік кезеңнен келе жатқан 184 электр станциясы бар. Олардың ескіргені, тозғаны аз емес.

Дегенмен, қазір 2020-21 жылдардағыдай электр энергиясына күш түсіп жатқан жоқ. Негізгі себеп – криптовалютаның құны құлдырады. Уағында 60 мың доллардан асқан бір биткойнның бағасы қазір 20 мың долларға жетпейді. Ал, энергетика министрлігі енді майнинг компаниялар тоқты оңды-солды пайдаланбайды деп отыр.

Жандос Нұрмағамбетов, ҚР Энергетика вице-министрі:

Бұл жерде энергетика министрлігі мынандай ұстанымды ұстанып отыр. Елдегі электроэнергиясы бірінші елдің, халықтың және өнеркәсіптің тұтынысын жабуы керек. Осының бәрі толық жабылғаннан кейін қалған электроэнергия майнингке жібере алады. Квотаны жүйелі коператор бектіп береді.

Майнинг - цифрлы монета жасайды. Бірақ, сол криптовалюталар шетелдік биржаларда қыруар қаржыға саудаланып, ақша басқа елдің игілігне кетіп жатыр. Мөлшерден асқанның бәрі зиян. Қазақстанға майнинг пен криптовалютаның ырқын табатын, электр энергиясын үнемдейтін және жалпы саланы жүйеге салатын құрал керек. Ол – заң!

Ғимран Абдрахманов, сарапшы:

Енді, көлеңкелі экономикадан майнинг саласы шығатын болады. Әрбір майнингпен айналысатын кәсіпкер өзінің кәсібін бірінші цифрлық даму министрлігінде лицензиялау және оны тіркеуге міндеті пайда болды. Сонымен қатар, 24-жылдан бастап, әрбір майнер активтерді табу үшін біздің отандық криптобиржаларды пайдалануға міндетті болады.

Енді майнерлерге лицензия беру тәртібі енгізіледі. Олар Қазақстанда ресми түрде тіркелуге міндетті болады. Бұл дегеніміз, майнерлер заңды тұлға ретінде тіркеліп, салық салынатын субъектіге айналады. Майнинг-пулдар да экономиканың бір бөлігі болмақ. Мәжіліс депутаттары бірінші оқылымда заң жобасын мақұлдады. Бұған дейін салаға заң жүзінде бақылау сылбыр болғандықтан қыруар қаржы қазынаға құйылмай келген-тін.

Ғазиз Құлахметов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

Бейресми деректерде осы криптамен айналысатын адамдардың қаржы айналымының мөлшері алдыңғы жылдары 5 млрд доллар болды дейді. Егер расында да 5 млрд доллар рас болатын болса төленген салықтардың біздің қазынаға түсу мүмкіндігі сезілуі керек еді ғой. Ол сезілген жоқ. Кей жерлерде 33-ке жуық майнинг компаниялардың заңсыз жұмысы анықталған жайы бар. солардың бәрінің жұмысын үйлестіру маңызды болып тұр.

Әлемде криптовалютаға арналған биржа көп. Қазақстандық биржа енді қалыптасып жатыр. Жаңа заң жобасы бойынша 2024 жылдан бастап майнерлер табыстың 75 процентін отандық криптобиржаларда айырбастауға міндетті. Яғни, «Астана» халықаралық қаржы орталығының еншісіндегі іс. Бұл дегеніңіз – ақша өзімізде қалады деген сөз. Бірақ, криптовалютаның өзі Қазақстанда төлем құралы емес, тек меншік ретінде ғана қаралады.

Екатерина Смышляева, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

Криптовалютаның айналымы Қазақстанда тиым салынған. Бұл үкіметтің ұстанымы. Біздің қаржылық жүйеге криптовалюта кірмеуі керек. Бұл біріншіден, екіншіден, криптовалюта Қазақстанда төлем жасау құралы емес және болмайды да. Себебі, бұл тұтас қаржылық жүйемізіге қауіп төндіреді.

Қаржы вице-министрі Ержан Біржановтың айтуынша майнинг компанияларға қатысты биыл қосымша екі салық түрі енгізілді. Нәтижесінде, жалпы алғанда жарты жылда 8 млрд теңге түскен. Дегенмен, қазір криптовалютаның құны құлдырап, елімізде заң күшейіп келеді. Мұның барлығы крипто әлеміндегі Қазақстанның рөліне әсер етпей қоймайды.

Ғимран Абдрахманов, сарапшы:

Цифрлық активтерге баға төмендеген кезде оған қазіргі кезде салықтар қосылды, КПМ қосайын деп жатыр осыған байланысты сала әлсіз болып кетті. Көптеген нарықтың ойыншылары кетіп қалды басқа елдерге. Ресей, Канада, АҚШ деген елдерге кетіп қалды.

Ал, Нұржан Талғатұлы криптобиржа бағатында қазақ тілді мектеп ашқан алғашқы адам. Осы саланы жіліктеп зерттеген және әр өзгерісті үнемі бақылауда ұстайды. Оның айтуынша, майнерлерге талапты күшейтуден бұрын, азаматтардың қаржылық сауатын арттырған тиімді.

Нұржан Талғатұлы, сарапшы:

Өкінішке орай, қазақстандықтардың қаржылық сауаты тек ғана криптовалютада емес, инвестицияда, фондовый нарықта да, жалпы криптовалютада өте төмен деңгейде деп айтуға болады. Қаржылық сауат төмен болғандықтан машениктер көбейіп кетті.

Бейресми мәліметке сәйкес, халықаралық криптобиржаларда бір миллионнан астам қазақстандық тіркелген.

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің мәліметінше, қазіргі таңда 275 ұйым – цифрлық майнинг саласындағы қызметтің басталғаны туралы және 59 ұйым – цифрлық майнинг өндірісіне арналған инфрақұрылымды ұсыну туралы ресми түрде ақпаратты жіберген. Сондай-ақ, 55 майнинг фермасы өз қызметін тоқтатқаны анықталды. (кесте соңы) Жалпы, «сұр» майнерлердің ел экономикасына оң ықпалы жоқ. Негізгі принцип – табыс қана. Сол себепті, жаңа заң бойынша Қазақстанда тек заңды тіркелген һәм отандық биржада цифрлық активетерін саудалайын майнерлер ғана жұмыс істеуі тиіс.

Азамат Бейбітұлы

Хабарламаларға жазылу