ТМД мемлекет басшылары кеңесінің келесі отырысы 2023 жылы Бішкекте өтеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

ТМД мемлекет басшылары кеңесінің келесі отырысы 2023 жылы Бішкекте өтеді

14.10.2022

Дәл қазір Астанада Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы елдері басшыларының кеңесі өтіп жатыр. Шараға Президент Қасым-Жомарт Тоқаев және Армения, Әзербайжан, Беларусь, Қырғызстан, Өзбекстан, Ресей, Түрікменстан және Тәжікстан басшылары қатысуда. Жиында гуманитарлық серіктестік, қауіпсіздік және ынтымақтастық мәселелері талқыланып жатыр.

Шерхан Жамбылұлы, тілші:

Елорда осы аптада жоғары деңгейдегі іс-шаралардың орталығы болып отыр. Бүгін мінеки Астанадағы Конгрес орталығында 9 елдің басшысы бас қосып, ТМД-ға ортақ мәселелерді талқыға салып жатыр. Биыл ұйымға Қазақстан төрағалық етті. Қасым-Жомарт Тоқаев біздің мемлекет төраға ретінде мемлекеттердің күш-жігерін көптеген бағыттар бойынша біріктіруге ұмтылғанын айтты. Ол өз сөзінде бірлескен жұмыстың нәтижесінде сауда-экономикалық ынтымақтастықты кеңейтуге, мәдени-гуманитарлық байланысты сақтауға, сондай-ақ достастық әлеуетін арттыруға бағытталған бірқатар бастамалар іске асырылды деп айтты. Сонымен қатар жаһандық және өңірлік экономиканың тұрақсыздығы жағдайында сауда-экономикалық байланыстарды сақтау үшін қолда бар барлық әлеуетті жұмылдыруымыз қажет деп атап өтті.

Жиында сонымен қатар қазіргі таңда өзекті болып отырған су тапшылығы, яғни трансшекаралық өзендер мәселесі көтерілді деген ақпар бар. Осы туралы қандай ақпар бар?

Шерхан Жамбылұлы, тілші:

Пезидент Қасым-Жомарт Тоқаев осы мәселеге де тоқталды. Оның пікірінше, климаттың өзгеруі ТМД-ның барлық дерлік елдерінде су ресурстарымен қамтамасыз ету проблемасын шиеленістіре түсуі мүмкін. Сол себепті достастықтың бүкіл кеңістігінде су қауіпсіздігін қамтамасыз етудің ортақ әдістерін әзірлейтін уақыт келді деп айтты. Сонымен қатар Мемлекет басшысы ТМД Атқарушы комитетіне трансшекаралық су ресурстарын өзара тиімді пайдалану жөнінде нақты ұсынымдар беру қажеттігін айтты. Ал келер жылы ұйымға Қырғыз мемлекеті төраға болып таңдалды. Президенттер жиыны 2023 жылдың қазан айында Бішкек қаласында өтетін болды.

Шерхан Жамбылұлы 

Хабарламаларға жазылу