Петропавлда мердігерлер қоғамдық көлікті жөндеуге субсидия сұрайды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Петропавлда мердігерлер қоғамдық көлікті жөндеуге субсидия сұрайды

14.10.2022

Петропавлда қоғамдық көлік қатынасы ақсап тұр. Себебі, былтыр ғана сатып алынған автобустар қайта-қайта істен шығып, мердігерлерді әбігерге салды.

Былтыр бірнеше компания лизингке 100 көлік сатып алған. «Yutong» маркілі автобустардың орташа құны 40 млн теңге. Кәсіпкерлердің айтуынша, қосалқы бөлшектердің тапшылығы қиындық туғызып отыр.

Болат Рахимов, мердігер компания директоры:

Қазір автобустар өз бағыттарында жұмыс істеп жүр. Алайда жаңа техниканың сынып жатқаны қынжылтады. Біз оларды лизингке алдық. Қаржыны 7 жыл бойы қайтарамыз. Мына түрімен 7 жылда шашылып қалатын түрі бар. Кепілдік мерзімі 1 жыл ғана. Мұндай қымбат техника үшін бұл тым аз уақыт.

Облыс орталығында әлеуметтік маңызы бар 19 автобус бағыты жұмыс істейді. Олардың барлығына қалалық әкімдік бюджетінен демеуқаржы қарастырылған. Мердігер компания өкілдері жаңа автобустар әлсін-әлсін бұзыла бергендіктен, шығын көбейгенін алға тартып, қалалық әкімдікке қосымша субсидия бөлу жөнінде өтініш жолдаған.

Асқар Хабибулин, қала әкімінің орынбасары:

Жылдың аяғына дейін 1 млрд 900 млн қаржы бөлінген, субсидияға. Ұсыныс енгізді. Қарастыруға тағы қаржы бөлу үшін. Бірақ та ол қаржы бөлу үшін оны қазіргі кезде қарастыру керек. Әлі қарастырып жатырмыз.


Хабарламаларға жазылу