Моноқалаларды дамыту мәселесі күн тәртібінен түспеуі керек. Өйткені, мұндай мәртебедегі елдімекендер тұтас өңірдің дамуына серпін береді. Мәселен, Ақтөбе облысындағы Хромтау қаласында өңірдегі бірнеше ірі кәсіпорын орналасқан. Шағын шаһар гүлденіп, тұрғындардың әл-ауқаты артып келеді.
Хромтау моноқала мәртебесіне ие болған облыстағы жалғыз қала. Мұнда өнеркәсіп саласы жақсы дамыған. Аудан орталығында тау-кен өндірісімен айналысатын аймақтағы ең ірі кәсіпорын орналасқан. Одан бөлек жылына 30 миллион дана кірпіш шығаратын зауыт бар. Мұнда 150-ден аса адам еңбек етеді. Өнімдері Ақтөбеден бөлек, көрші облыстарға жіберіледі.
Еркін Есембаев, зауыт директоры:
Биыл 22 жыл болып жатыр, біздер осындай өнімді шығарып жатырмыз. Ғимараттардың сыртын қаптауға арналған.
27 мыңға жуық халқы бар шаһар жылдан жылға көркейіп келеді. Көп қабатты үйлер салынып, бірнеше мекеменің ғимараты жаңарды. Халықты жұмыспен қамту орталығы да жөнделіп, тұрғындарды қабылдау залы кеңейді. Ауданда жұмыссыздық мәселесі біртіндеп шешіліп келе жатқанын осы орталықтан білдік. Шырайлы шаһардың бүгінгі келбетіне тұрғындар да риза.
Қамар Қасымова, қала тұрғыны:
Қала өте таза. Көркейіп келеді. Мына саябақ өте әдемі. Мұндай саябақ Ақтөбе қаласында да өте сирек кездеседі. Жақсы дамыған, балалар алаңдары бар. Жаңа автобустар жүріп жатады.
Хромтауда тазалыққа ерекше мән беріледі. Қазір екі айлық сенбілік аясында қызу жұмыс жүріп жатыр. Мекеме басшылары өзіне берілген аумақты, ал сенбі күні үй аулаларының тазалығын бақылауда ұстайды. Шағын шаһарда қоғамдық көлік қатынасы да жолға қойылған.
Азамат Бекет, Хромтау ауданының әкімі:
Үш бағытта көліктеріміз жүреді.Оны әрі қарай дамытуға тағы көліктер керек. Ол бағытта қазір мердігер компания көліктерді алған, өз тарпынан тағы 2 автобус қосамыз деп отыр.
Қала іргесінде құрылыс қарқынды. Бұл аумақтан кезекте тұрғандарға жер учаскесі берілген. Сондай-ақ, өзге жақын елдімекендердің жолы жөнделіп жатыр. Жуырда ғана ел Президенті Үкіметке моноқалалардың коммуналдық желілерін жөндеуге жұмсалатын қаржы көлемін арттыруды тапсырды. Сондықтан, хромтаулықтардың ертеңгі күнге деген сенімдері нық.
Жақсыбек Кемал