Степногорск қаласында 36 шақырым құбырды ауыстыру керек - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Степногорск қаласында 36 шақырым құбырды ауыстыру керек

08.10.2022

Ақмола облысы Степногорск қаласында ауыз су ішуге жарамайды. Әсіресе жаз бен күз мезгілінде су сыздықтап қана ағады. Ал қысым қалпына келгенде сарғайған лас су ағатынына әбден көз үйренді дейді тұрғындар. 

Ермек Елберген, тілші:

Сұраныстан ұсыныс пайда болады. Степногорск қаласындағы көпқабатты үйлердің басым көпшілігінде осындай су тазалау қондырғылары орнатылған. Тұрғындардың көпшілігі осыдан тіршілік нәрін тұтынады. Ауыз судың 1 литрі 20 теңге тұрады.
Қала тұрғындарының басым көпшілігі құбыр арқылы үйге келіп тұрған суды ішпейді. Арасында бірен саран қайнатып тұтынатындары бар. Ал судың сапасыз екенін әлеуметтік желілерде жарияланған бейнежазбалардан анық көруге болады. Жағдай, әсіресе, жазда қиындайды екен.

Амантай Амангелдин, Степногорск қаласының тұрғыны:

Өзеннің суы сияқты. Иіс бар ішкенде. Ауыз суға мына неден осы тұтынамыз. Ал шомылуға, жуынуға үйдегі су.

Амантай Сүлейменов, Степногорск қаласының тұрғыны:

Балаларға беруге сатып алып береміз. Былай су онша таза емес қой. В основном таза суды сатып аламыз.
Шахарға тіршілік нәрі қаладан 140 шақырым қашықта орналасқан Сілеті су қоймасынан келеді. Ал су тазалау қондырғылары 36 шақырым жерде тұр. Осы аралықтағы құбырлар әбден тозған. Қалаға жеткенше тазарған суға темір таты араласып, ластанады.

Алексей Гетманов, «Степногорск су арнасы» мекемесінің директоры:

Темір құбырды полиэтиленге ауыстыру үшін жобалық-сметалық құжат дайын. Қазір мемлекеттік сараптамадан өтіп жатыр. Одан кейін бюджетке өтінім береміз. 36 шақырым құбырды ауыстыру үшін шамамен 9 миллиард теңге қажет. Бұл қаржы республикалық бюджеттен бөлінеді деп ойлаймын.

Бұл жоба келесі жылдың бюджетінде бола ма жоқ па белгісіз. Ақша бөлінсе, 36 шақырым құбырды ауыстыруға шамамен 3 жыл келеді, дейді мамандар.

Ермек Елберген


Хабарламаларға жазылу