Алматы облысына қарасты Тереңқара ауылы арқылы өтетін облыстық жолдың бойына жарық шамдары мен арнайы белгілер орнатылмаған. Тұрғандай осылай деп шағымданып отыр. Жүргізушілер жылдамдықты жоғарылатып жүргендіктен, адам қағу фактілері көп тіркелген. Мәселе қалай шешімін таппақ?
Алматы облысындағы Тереңқара ауылы арқылы өтетін облыстық тас жолдың бойында соңғы үш айда үш адамды машина қағып кетті. Көлік апатының көбейюіне - жол жиегінде жарық пен арнайы белгілердің жоқтығы себеп дейді жергілікті тұрғындар.
Талғар ауданына қарасты Тереңқара ауылында 2 жарым мыңдай адам тұрады. Елді-мекенде мектеп жоқ. Оқушылар көрші ауылға автобуспен қатынап оқуға мәжбүр. Кейбірінің сабақтары кешке дейін. Үйлеріне қараңғы түсе оралады. Сол мектепке апарар тас жолдың бойында жарық шамдары мен арнайы белгілер орнатылмағандықтан, балаларымыз үшін қатты алаңдаймыз-дейді ата-аналар
Мира Маймарова, ауыл тұрғыны:
Көлікпен жол апаты болған айналайын, мына адамдарды қағып кетіп жатыр. Біз балаларды машина қағып кете ме деп қорқамыз. Бізге әншейін жасап берді жаяу жүргіншілер жолын. Оның не жарығы жоқ. Ондай негізі үшеу қоюы керек. Ортасына және аяғына. Біреуін ғана жасады.
Күні кеше осы маңда егде жастағы әйелді көлік қаққан. Абырой болғанда, аман қалды.
Бұған қоса, Тереңқарадан 1 шақырымда «8 көл» демалыс орталығы орналасқан. Әсіресе, жаз мезгілінде сол жаққа ағылатын көліктерде есеп жоқ, қайғылы оқиғалар сол кезде көбейеді,- дейді тұрғындар.
Кішкенебай Жаппабергенов, ауыл тұрғыны:
Сегізкөлге көлік көп қатынайды. Ал ол арада камера тұруы керек. Камерасыз қалай болады? Ана жерде бұрылатын жер бар. Мынаны ретке келтірмесе болмайды.
Фариза Мұсақызы, тілші:
Ауылдың кіреберісінде көліктердің жүру жылдамдығын шектейтін мынадай белгі де орнатылған. Алайда, мына машиналарға қарағанда, көпшілігі жол ережесін ескермейтінін байқауға болады.
Негізі елді-мекенде мектеп жоқ, газбен де қамтылмаған. Бірақ, халық ең өзектісі деп осы мәселені билікке жеткізуімізді сұрады. Тұрғындардың жанайқайын жергілікті әкімдіктегілер біледі. Түйткіл тиісті қаржы бөлінгесін ғана шешіледі деп отыр.
Нұрбол Есенбаев, Талғар ауданы Қайнар ауылдық округі әкімінің орынбасары:
Жарық шамдарын қоюға 3 километрге сұраныс берілген. Келесі жылғы бюджетке құрылыс жұмыстарына, бағаналарды орнатуға сұраныс береміз.
Әзірге әкімдік жасанды жол кедергілерін екі аптаның ішінде жасап береміз деп уәде етті. Ал жарық шамдарының орнатылуын ауыл халқының келесі жылға дейін күтуінен басқа амал жоқ.
Фариза Мұсақызы