Шаң-тозаңға тұншығып отырмыз! Ақтөбедегі Бершүгір ауылының тұрғындары осылай деп шағымданды. Олар елдімекен маңындағы қиыршық тас зауыттарының жұмысына наразы.
Мұғалжар тауын қопарып, пайда тауып жатқан компаниялар жергілікті халықты ойлап отырған жоқ. Бұны облыс басшылығы растап отыр. 2019 жылы өндіріс орындарына тексеру жүргізіліп, талаптарды сақтамағандарға 20 миллион теңгеге жуық айыппұл салынған. Ал, былтыр тексеруден соң 2 серіктестікке шара қолданылды. Дегенмен, жағдай өзгерер емес. Зауыт маңындағы ауылдардың тұрғындары тіпті сойған малдың іш құрылысы жарамсыз боп жатыр дейді. Өздері аллергия болып, арты демікпе дертіне ұласқан. Осыған байланысты аймақ басшысы құзырлы органдарға кәсіпорындардың жұмысын жіті тексеруді тапсырды.
Руслан Оразғалиев, облыстық Индустриялық-инновациялық даму басқармасының бөлім басшысы:
Экология департаменті жұмыс істеп жатыр. Тұрғындар негізінен шаң мен жарылыстарға шағым айтады. Бұл жағдайды Өндірістік қауіпсіздік департаменті қадағалап отыр. Енді тексеріс жүргізеді.
Жақсыбек Кемал