Жалған хабарлама: Қылмыскер 16 миллион теңге айыппұл төлейді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жалған хабарлама: Қылмыскер 16 миллион теңге айыппұл төлейді

03.10.2022

Жалған ақпар жарға жығады. Жыл басталғалы 111 адам мемлекеттік мекеме мен кәсіпорындарға жарылғыш зат қойылды деп қоңырау шалып, хат жіберген. Олардың арасында кәмелет жасына толмаған балалар, тіпті бірінші сынып оқушысы да бар. Ал полицейлер жалған ақпарат үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылғанын ескертіп жатыр.

Павлодар облысының тұрғыны Вадим 39 жаста. Биыл ақпан айында полицияға хабарласып, жарылғыш зат туралы ақпарат берген. Айтуынша, ол кезде мас болған және әйелімен араздасып қалған. Енді орынсыз әзілі үшін бір жыл бойы қауіпсіздігі төмен қоныс колониясында жазасын өтеп жүр.

Вадим, жазасын өтеуші:
Мен полицияға «менде бомба болса не болады?» деп әзілдеп хабарластым. Бірақ, менде жарылғыш зат болмады. Шамамен 10 минут сөйлестім. Тұтқаны қойғаным сол еді, құзырлы орган өкілдері есікті қағып тұр. Дереу тінту жұмыстарын жүргізді, сосын уақытша ұстау изоляторына қамады. 10 тамыздан бері осы колониядамын. Істеген ісіме өкінемін.

Жыл басынан бері 28 адам осындай әрекеті үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылған. Олардың 8-і бас бостандығынан айырылды. Тек қана соңғы 2 айда интернет арқылы жалған хабарлама таратқан 5 адам анықталды.

Мамандардың айтуынша, жарылғыш зат туралы хабарлама көбінде еріккен, іші пысқан, мас адамдардан түседі. Олар мұндай қадамға кек алу, бұзақылық, мекеменің жұмысына кедергі келтіру, мектептегі сабақты болдырмау және құқық қорғау органдарының жұмысын тексеру үшін барады екен. Соңғы 3 айда бомба қойылды деген ақпараттан соң Алматы, Ақтөбе, Павлодар облысындағы мектептерде сабақ уақытша тоқтатылды. Бір жағдайда жалған хабарламаны кәмелет жасына толмаған бала берген. Оның ата-анасына 10 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде әкімшілік айыппұл салынды.

Алмас Талқанбаев, ҚР ІІМ Экстремизмге қарсы іс-қимыл департаменті басқарма бастығының орынбасары:
Осыған дейін болған барлық жағдайда жарылғыш заттар туралы ақпарат расталған емес. Біздің есептеуіміз бойынша осындай жалған шақырту бойынша бір рет шыққанда екі жүз мың теңгедей үш жүз мың теңгеге дейін қаражат жұмсалады. Ал, ірі кәсіпорындардың жұмысы тоқтап қалғанда әр сағат сайын миллиондаған теңге зиян келеді.

Жалған ақпар жарға жығады. Бұл әрекет үшін қылмыстық жауапкершілік бар екенін ұмытпау керек. Мұндай қылмыс үшін 16 миллион теңгегеге дейін айыппұл салынады немесе 5 жылға бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.

Асылбек Данияр


Хабарламаларға жазылу