Сайлау жарияланған соң, кибершабуылдар көбейгенін хабарымыздың басында да айтқан едік. Президент шет елдерде Қазақстанға қатысты пиғылы теріс адамдардың бар екенін меңзеді. Алыс-жақын елдер ме, іштен шыққан жау ма?! Ол жағы белгісіз. Дегенмен, «ақпараттық соғыс» аңыздан ақиқатқа айналып жатқанын сезіне бастадық. Ел ішіне іріткі салатын фейктері бір бөлек, интернет алаяқтарынан сан соғып қалған азаматтар да аз емес. Мұның бәрі кибер қалқанымызды күшейту керек екенін көрсетеді.
Мемлекет басшысы АҚШ-қа сапарында жаһандық ІТ гигант компания өкілдерімен және сол салада жүрген қазақ жастарымен кездесіп, сосын елге келе сала «Digital Bridge» форумында халықаралық IT компаниялардың басшыларымен мәжіліс жасады. Мұның бәрі Қазақстанның ІТ саласына екпін қойғанын білдіреді.
Қазірдің өзінде Қазақстан цифрландыру, «электронды үкімет» бағыттарының даму деңгейі бойынша әлемдік рейтингте 29-орында. Бірақ, 2019 жылы Қазақстанға 20 мың кибер шабуыл жасалса, 2020 жылы 24 мың қарақшылық тіркелген екен.
ІТ саласындағы Қазақстанның әлеуеті, кибер қауіпсіздік және ақпараттық социум жайлы Азамат Бейбітұлының материалы.
Қазір ІТ индустриясында жеке-дара таланттардың идеялары өркениеттің бағытын өзгертіп жатыр. Мысалға, Илон Маск бар болғаны 80 күнде адамды Марсқа апарып, сол жақта тіршілік пен өркениетті қалыптастырам деп отыр. Әзірге ол – идея. «SpaceX» компаниясының басшысы «Starlink» атты интернет-сервисі қазірдің өзінде 32 елде қолжетімді екенін мәлімдеді. Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин егер депутаттар салық кодексіне өзгертулер енгізуді қолдаса, «Starlink» жобасы 2023 жылы Қазақстанда да қолжетімді болатынын айтқан. Илон Маск бұл жобаға ілікпейтін елдерді картада сұр түспен белгілеген. Олар Ресей, Белорусь, Куба, Венесуэла, Иран және Ауғанстан. Цифрлық өркениет - саясатпен сабақтас.
Қазақстандағы ІТ индустриясы кеңістігін екі құрылымға бөлуге болады. Әуелгісі –хард. Яғни, құрал: компьютердің өзі, экраны, тағы басқа. Отандық жоба - «Сергек» айқын мысал. Екіншісі – софт, яки - бағдарлама. Қазақстанда тап осы бағыт жақсы дамыған. Оған елімізде екінің бірі қолданатын цифрлы қосымшалар дәлел.
Данабек Қалиаждаров, «Astana HUB» жанындағы «Alem.School» мектебінің басшысы:
Бірнеше миллиардтық шешім, қазақстандық мамандар жасаған, қазақстандық нарықта құрылып, қателерін, дұрыстарын гипотезаларын тексеріп, соңында мобильді қосымша жасап шығарды. Және ол деген мүмкін екенін көрсетеді. менің ойымша долина сияқты триллиондаған доллар болмаса да, біздің ішкі нарықтың бірнеше миллиард алатын жағдайға жете алады деп ойлаймын.
ІТ индустрия - жалқының жалпыға арнаған идеяларынан ғана қалыптаспайды. Мамандар мен компанияларды біріктіретін ой ошағы болады. Мұхиттың арғы жағында «Кремний алқабы» десек, бізде «Astana Hub» халықаралық IT стартап технопаркі. Әзірге, салыстыруға келмесе де, ұқсатуға болады.
Садық Шерімбек, IT-маман, блогер:
Бұған дейін астана хаб өзінің толық потенциалын қолдана алған жоқ. Бірақ, өткен жылдың қыркүйек қазандарынан бастап, астана хабтың жалпы жұмысы ілгерілеп қалды. Бізде өзіміздің 3-4 компания бар астана хабта тіркелген, біз олардан зиян немесе кемшіліктер көріп отырған жоқпыз.
Қазір 900-ден аса ІТ компания «Astana Hub»-тың резиденті. Оның 150-і шетелдік компания. Технопарк ашылғалы резиденттерінің барлық табысы – 656 млрд теңге болды. Оның 99 млрд теңгесі қазақстандық ІТ-тауар мен қызметтерді экспорттау арқылы түскен. Технопарктегі компаниялар 128 млрд теңге инвестиция тартып, сол арқылы 38 млрд теңге үнемдеп, ол ақшаны өздерінің қабілеттерін одан әрі дамытуға жұмсаған. Жалпы, мұндағы компаниялар 12 000 жұмыс орнын ашыпты. Цифрлық бір ғана жобаның жағымды есебі осындай.
Дегенмен, параллель дүниелер бар. Елімізде ІТ индустриясы қарқын алып келе жатса да, әлеуметтік инженерияның қалыптасуы һәм азаматарда кибер гигиенаны дағдылану ақсап тұрғаны рас. ІІМ мәліметінше, жыл басынан бері 12 мың интернет-алаяқтық фактісі тіркеліп, зардаптың көлемі 7 миллиард теңгеге жеткен.
Рүстем Дүйсетаев, ҚР ІІМ Кибер қылмысқа қарсы күрес орталығы басшысының орынбасары:
Жыл басынан бері мұндай қылмыстарды жасағаны үшін 426 адам ұсталды. Оның ішінде 14 қылмыс топтасып істелген. Істеген қылмыстың зардабына байланысты интернет алаяқтық жасағандарға қатысты жаза түрі айыппұлдан бастап 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру көзделген.
Кибер шабуылға – кибер қалқан болар жалғыз құрал – білім. Жеке адамға да, тұтас мемлекетке де қатысты қағида. Еліміз БҰҰ-ның Жаһандық киберқауіпсіздік рейтингінде 197 мемлекет арасында отыздыққа кіреді.
Садық Шерімбек - IT-маман, блогер:
Мемлекеттік мекемелер, арнайы компаниялар, трансұлттық компанияларды ғана есепке алмасақ, онда жалпы халықтық киберқуіпсіздік сәл ақсап тұрған жайы бар. Мемлекеттік деңгейде өзінің әлеуетін қорғауға жетеді, бәрібір.
Қазіргі кибершабуылдар еліміздің мемлекеттік органдарына да, қазнеттің инфрақұрылымына да бағытталып жатқаны туралы «Мемлекеттік техникалық қызмет» ұйымы мәлімдеді. Олар мұны елде және әлемде болып жатқан әлеуметтік оқиғалармен байланысты деп болжайды. Расында да, қазір геосаяси ахуал, елдер арасындағы шиеленіс сан түрлі салаға әр қилы әсер етуде. Мысалға, трансұлттық ІТ компаниялар, «Google for Startups» сияқты бағдарламалар Қазақстанға келеді деген болжам бар.
Нұрбек Рахимов, IT-маман, Жапондық «Trend micro» компаниясының орталық Азиядағы бизесті дамыту бөлімінің басшысы:
Көптеген компаниялар Ресей нарығынан кетіп жатыр. Біздің Қазақстан жерінен Алматы, Астана немесе басқа да қалалардан өзінің кеңселерін ашып жатыр, адамдарды жұмысқа алып жатыр. Ол негізі жақсы, позитивті өзгеріс деп ойлаймын. Себебі, халықаралық компаниялар біздің нарыққа кіргенде олар тек ғана өздерінің продуктілерін ғана әкелмейді. Олар және де білім әкеледі.
Қасым-Жомарт Тоқаев «цифрландыру жөніндегі ұлттық жобаның аясында кемінде 100 мың жоғары білікті ІТ-маман даярлау қажет. Цифрлық саладағы қызметтер мен тауарлардың экспорты 2025 жылға қарай кемінде 500 миллион долларға жетуге тиіс»,-деген болатын. Тапсырмаға сай салаға қатысты оқу гранты көбейіп жатыр. 2021-2022 оқу жылында білім грантының саны 2 632-ге дейін артқан. Грантпен бірге жас ІТ-мамандар қаулап шығатыны анық. ІТ технологияның игілігін көру үшін ғана емес, мемлекеттік деңгейде кибер қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін де Қазақстанға кибер қорғаныс қажет.
Азамат Бейбітұлы