Осы аптадағы президенттің сөздеріне талдау жасасақ, месседждердің өңір өзгешеліктері мен әлеуетіне қарай айтылғанын аңғаруға болады. Әрі бірін-бірі жалғайтыны байқалады. Тоқаев тарихи елорда болып саналатын Түркістанда Қазақстанның халықаралық аренадағы ұстанымын жеткізсе, Еуразияның дәл кіндігі – Семейде ел ішіне іріткі салуды көздейтін күш бар, - деді. Әсіресе сайлау жарияланғаннан кейін фейктер мен кибершабуылдардың көбейгеніне тоқталды. Өткен аптада АҚШ-қа сапарында президент айти алпауыттарын Қазақстанға шақырып еді. Сосын, Астанада Диджитал форум өтті. Қазақстан «кремний алқабына» айналуға ниетті ме? Бастысы, шамамыз жете ме? Ақпараттық қауіпсіздікті қалай қамтамасыз етеміз? Бұл сұрақтар бойынша материал әзір.
Ал қазіргі репортаж Семейдің сан мың проблемасына арналады. Семей, қазіргі Абай облысы барынан жоғы көп аймаққа айналғаны жаңалық та, жасырын да емес. Ең негізгі мәселенің бірі: азып-тозған Жылу электр орталығы. Аймақ қос алып нарық: Ресей және Қытаймен шекаралас, халықаралық көлік магистралі өтеді. Бірақ жол торабын тиімді пайдалана алмай отырмыз. Шерхан Жамбылұлының материалы.
Семей көп жылдар бойы ұмыт қалғандай еді. Ширек ғасыр бұрын облыс орталығы мәртебесінен айырылып, қаржыландыру азайды. Күтімі нашарлаған қаланың келбеті де күңіренді. Өндіріс орындары жабылып, жастар үдере көшті. Биыл жергілікті жұрттың үміт оты қайта жанғандай. Дегенмен қалада мәселе шаш етектен. Тұрғындар ең әуелі әлеуметтік мәселелер шешімін тапса дейді.
Семейдегі проблемалар туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та хабардар. Қаланың инфрақұрылымы әбден тозған. Ескірген жылу электр стансасының қуаты жетпейді. Қыстыгүні пәтерлер қоңырсалқын. Қазандықтағы апаттар да әдетке айналған. Ең ірісі 2011 жылы болған еді. Қаңтардың ызғарында қаланың жартысы мұздай үйде күнелткен. Ал былтырғы қыста экологтар жылу мекемесі күкірт дикосикдін ауаға шамадан тыс бөліп жатыр деп екі мәрте айыппұл салды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Жазда ыстық су жоқ, ал қыста үйлер жылынбайды. Қаладағы жылу электр орталығынан шығатын зиянды қалдықтар ауаны шектен тыс ластап жатыр. Бұл мәселелерді түпкілікті шешетін уақыт жетті. Сондықтан, Үкіметке әкімдікпен бірлесіп, Семейде заманауи жылу электр орталығын салу және инфрақұрылымды жаңарту мәселесін қарастыруды тапсырамын. Жоба халықтың тұрмыс сапасына, сондай-ақ, өңір экологиясына оң ықпалын тигізетіні анық.
Өңірде әлеуметтік нысандар саны жетіспейді. Мемлекеттік бағдарлама аясында таяу жылдары ауыл-аймақтарда 65 медициналық мекеме салынады.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Абай облысындағы мектептерде 9 мыңға жуық балаға орын жетіспейді. Алдағы уақытта 11 мектеп және 14 балабақша салу жоспарланған. Бірақ, мұның өзі жеткіліксіз. Үкімет пен әкімдікке облыс мектептеріндегі орын тапшылығы мәселесін біржола шешуді тапсырамын
Жаңа өңірдің қуатты аймақ болуына әлеуеті жетеді. Полигонның кесірінен аймақтағы жер қойнауы көп жылдар бойы түртілмей келді. Енді оны зерттеп игеретін уақыт жетті. Тоғыз жолдың торабында орналасқан өңірдің транзиттік мүмкіндіктері де үлкен. Ресей мен Қытай, Сібір мен Ұлы даланы жалғап жатыр.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасының Президенті:
Еліміздің көлік әлеуетін дамыту үшін Бақты арқылы Қытайға баратын теміржол желісін салуды жоспарлап отырмыз. Бұл теміржолды міндетті түрде салуымыз керек. Үкімет осы мәселемен айналысады. Өңірде «құрғақ порт», «логистикалық парк» салып, көлік дәлізін дамыту аса маңызды.
Өңір жұртшылығымен кездесу кезінде Президент кибершабуылдарға тоқталып, оны алдағы сайлаумен байланыстырды. Науқан жарияланғалы фейк ақпарат көбейді. Бұл ел ішіне іріткі салуды көздеген күштердің әрекеті екенін айтты. Қазіргі күрделі кезеңде ұлт болып ұйысып, бірігу қажет деді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Өкінішке қарай, ашығын айту керек, шетелде біздің жетістіктерімізді көре алмайтын адамдар аз емес. Олар, тіпті, біздің елімізге ақпараттық шабуыл да ұйымдастырады. Оның бәрін көріп отырмыз. Міне, біз елге қатер төндіретін осындай теріс үрдістердің де бар екенін ұмытпауымыз керек
Жахандық саясаттағы текетерістер күшейген тұста саясаткерлер ядролық қарудың қаупі туралы да жиі айта бастаған. Ал бұл зұлматтың зардабын Семей жұрты жақсы біледі. 40 жыл бойы қазақ даласында қауіпті қару сыналып, жарылды. Дегенмен аймақ тұрғындары әлі күнге дейін тиісті өтемақы алмайды.
Қайрат Мирашев, «Полигон 24» қоғамдық ұйымының төрағасы:
Ең бірінші әлеуметтік жағдай болуы керек. Семей халқына, бізге медициналық көмек керек. Басқа төлемақылардың кішкене жеңілдік болуы керек. Әлеуметтік жағдайы төмендерге көмек керек. Экономика-әлеуметтік жағдайымызды көтеру керек. Бөлек бағдарлама керек деп есептеймін.
Абай облысын дамытудың кешенді бағдарламасы әзірленетін болды. Президент қасіретке шалдықса да, қасиетін жоғалтпаған өлкені барынша дамыту - ортақ парыз екенін айтты. Сонымен қатар Семейдің бас жоспары қайта жасалып, қаланың тарихи келбетін айшықтауға баса мән берілмек.
Шерхан Жамбылұлы, тілші:
Иә, Семейде бірқатар күрмеулі мәселелер шешімін таппақ. Солардың бірі көпшілік көптен бері айтып жүрген көпірлердің жағдайы. 2000 жылы пайдалануға берілген мына атақты аспалы көпір де бірде-бір жөндеу көрмеген. Ал бұл қаланың негізгі көлік артериясы. Жаздыгүні нысанды тексерген жапон мамандары оның қазіргі жағдайын көріп, дабыл қаққан еді. Енді ол күрделі жөндеуден өткізіледі. Бұдан бөлек Президент шахарда жаңадан тағы бір көпірдің құрылысын бастауға тапсырма берді.
Шерхан Жамбылұлы