Жамбыл өңірінде ардагерге құрмет көрсетілді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жамбыл өңірінде ардагерге құрмет көрсетілді

01.10.2022

Жамбыл өңірінде бір ғасыр ғұмыр кешкен ардагер қариялар баршылық. Солардың бірі – Мұсахан Бердібаев. Жасы жүзден асса да қимылы ширақ, сөзі өнегелі жанға мереке қарсаңында ерекше құрмет көрсетілді. Майдангер тарихтан сыр шертіп, жас буынға ақ батасын берді.

Екінші дүниежүзілік соғыс ардагері Мұсахан Бердібаев 1922 жылы дүниеге келген. 100-ден асқан қария бала-шағасының ортасында шат-шадыман өмір сүруде. Майдан даласында алғы шепте болған ол, бүгінгі ұрпаққа бейбіт заманның қадірін білуге шақырды.

Мұсахан Бердібаев, соғыс ардагері:

Қазіргі заманның қадірін білу үшін, бір-біріңді сыйлаңдар. Тату-тәтті өмір сүр. Үлкенді аға тұтып, кішіні іні тұт. Адам баласы бір-біріне жәрдем етіп отырса, бұдан артық ешнәрсе жоқ.

Мұсахан ата соғыстан кейінгі жылдары саналы ғұмырын ұрпақ тәрбиесіне арнап, өңірдегі ауылшаруашылығы саласына да еңбек сіңірген. Қария мерекеде құттықтап келгендерге ақ батасын беріп, қызметте адал болуға шақырды.

Бүгінде Жамбыл облысында 100 мыңға тарта зейнеткер болса, Таразда ғасыр жасаған 9 адам тұрады. Қарияларға мереке қарсаңында концерттік бағдарламар ұйымдастырылып, түрлі жеңілдіктер жасалады. Әсіресе жастармен жиі кездесу ұйымдастырамыз, дейді әлеуметтік сала қызметкерлері.

Райгүл Талқанбаева, қалалық Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі басшысының м.а.:

Бүгінгі таңда соғыс ардагерлері, мүгедектері, тыл еңбеккерлеріне жергілікті бюджеттен азаматтарға жеңілдіктер қарастырылған. Яғни әлеуметтік коммуналды шығындары өтеуге мемлекет тарапынан бір айлық есепті көрсеткіш көмек көрсетіледі. Сондай-ақ, мемлекет тарапынан санаторлық шипажайларға жолдамалар қарастырылған.

Қазір өңірде 26 соғыс ардагері бар. Отан үшін жан алысып, жан беріскен жандарға құрмет қашанда бөлек. Уақыт жылжыған сайын қатары сиреген қариялардың басым бөлігі сол ғасыр жасаған қазыналы қарттар.

Нұрдос Болатұлы


Хабарламаларға жазылу