Микро және шағын бизнес үшін салық жүктемесін азайту ұсынылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Микро және шағын бизнес үшін салық жүктемесін азайту ұсынылды

21.09.2022

Мәжілістің жалпы отырысында депутаттар «Салық кодексіне» өзгертулер енгізу туралы заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады. Қазір еңбекақы қорынынан бірнеше төлемдер жүргізіледі. Енді олар бір төлемге біріктірілуі мүмкін. Ал әлеуметтік аударымдарды жеке табыс салығы есебінен төмендету көзделіп отыр. Құжатта жеке тұлғалардың банкроттығы кезінде салық салу мәселесін реттеу де қарастырылған.

Еске салайық, былтыр Мемлекет басшысы Жолдауында жиынтық жүктемені азайтып, микро және шағын бизнес үшін еңбекақы төлеу қорынан алынатын бірыңғай төлемді енгізуді тапсырған.

Мәлік Құлшар, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

Қосымша құн салығын, әлеуметтік салықты бөлек-бөлек төлейтін болса, соның барлығы біріктіріліп, және төмендетіледі. Салықтың барлық жиынтықтарын қоссақ, шағын және микро кәсіпорындар 37 пайызға дейін төлейді. Жаңа барлығын біріктіріп келгенде 21,5 пайызға дейін төмендетіледі.

Балық өңдеушіге қосылған құн салығын 70 пайызға азайту туралы норма ұсынылып отыр. Қазір мұндай жеңілдікті балық өсіруші қожалықтар қолданады. Сонымен қатар қант өндірісін ынталандыру үшін қант құрағы импортын қосылған құн салығынан босату да қарастырылады. Олар үшін бұл салық бойынша жеңілдікті ұзарту да ұсынылды. Депутаттар құжатты бірінші оқылымда мақұлдады. Екінші оқылым екі апта ішінде болады. Жалпы, мұндай жеңілдіктерді келер жылдан бастап енгізу жоспарланып отыр.


Хабарламаларға жазылу