Түркиялық сарапшылар: Қазақстан жаңа дәуірге аяқ басты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Түркиялық сарапшылар: Қазақстан жаңа дәуірге аяқ басты

16.09.2022

Қазақстандағы саяси-экономикалық өзгерістерге әлем елдерінің сарапшылары да бей-жай қарамайды. Ыстамбұлда бас қосқан ғалымдар мен саясаттанушылар мұны жан-жақты талқылап, оң баға берді. Үнемі достық қарым-қатынасымыз үзілмеген бауырлас елдің сарапшылары әсіресе Президент өкілеттігіне қатысты өзгерістердің батыл бастама екенін айтады. Ыстамбұлдағы Қазақстанның Бас консулдығы ұйымдастырған жиында екі ел арасындағы қарым-қатынасты жаңа деңгейге көтеру жайы да талқыланды.

Хасан Үнал, Малтепе университеті саясаттану және халықаралық байланыстар бөлімінің профессоры:

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев дипломат болғандықтан барлық бастамаларын байыбына бара отырып, өте сауатты жасауда. Мәселен Президент өкілеттілігін 7 жылға және тек бір мерзім ғана сайланатын етіп өзгертуі демократиялық дамудың жаңа деңгейі. Бұл әлемдік қауымдастықтың Қазақстанға сенімін арттырып, аймақтағы ролін күшейтері сөзсіз. Сондай-ақ, жүргізіліп жатқан өзге де батыл саяси реформалар Қазақстанның жаңа кезеңге аяқ басқанын байқатады.

Өмер Кул, Ыстамбұл университетінің ғылыми зерттеу институтының сарапшысы:

Президент Тоқаев мырзаның соңғы жолдауында өте маңызды шешімдер туралы айтылды. Мысалы, 18 жасқа дейінгі балалардың шотына ұлттық қордан білім алуға, баспана алуға белгілі бір мөлшерде қаржы құюы ерекше бастама. Бұл биліктің өз азаматтарына қамқорлығының бір белгісі. Қазақстанның жаңа реформалары тек өздеріңіз емес, Орта Азия мен бүкіл түркі әлемі үшін пайдалы болады деп ойлаймын.


Хабарламаларға жазылу