Съезге келген делегация мүшелері бүгін саябақ аумағындағы «Өмір ағашы» орнатылатын монумент маңына 60-тан аса ағаш отырғызды.
Бұл бейбітшілік және келісім саябағының аумағы. Дәл осы жерде съезге келген түрлі дін өкілдерінің ағаш отырғызуы бекер емес. Осы әрекеттері арқылы Бейбітшілік пен келісімді нық ұстануға бейіл екенін көрсетті. Осы жерге 60-тан аса жапырақты және қылқан жапырақты ағаш отырғызылды. Бұл Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VII Съезіндегі делегация басшыларының саны. Жалпы, тал отырғызу – діни тұрғыдан да сауапты амал. Себебі, саясы көпшілікке көлеңке. Яғни өзгеге қайырын тигізудің игілікті ісі. Сондай-ақ діннің өзегі ниет. Демек елге келген дін басылары конфессияаралық ынтымақтастық тамырын тереңге жіберіп, келешекте жемісін жеуге ниетті. Әр тал әр сенім тармағының бейбітшілік тілей келгенінің белгісі іспетті. Ал саябақ Есіл өзенінің бойында орналасады. Келер жылы ашылады.