Биыл күзде кезектен тыс Президент сайлауы өтеді. Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауда осындай ұсыныс айтты. Сонымен қатар елдің экономикалық-әлеуметтік дамуына қатысты бірқатар бастама көтерді. Көп ұзамай барлық салада ауқымды өзгерістер болады. Алдымен саяси жаңалық: ол сөзсіз кезектен тыс өтетін Президент сайлауы. Бұл мәселе бойынша Қасым-Жомарт Тоқаев көп ойланғанын айтты. Бұдан былай Президент екі рет сайлана алмайды.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасының Президенті:
Президент мандатын ұзақтығы 7 жылдық бір мерзіммен шектеуді ұсынамын. Бірақ, қайта сайлануға тыйым салынады. Бұл бастаманың негізі қандай? Бір жағынан, 7 жыл – кез-келген ауқымды бағдарламаны жүзеге асыру үшін жеткілікті кезең. Екінші жағынан, Президент мандатын бір мерзіммен шектеу Мемлекет басшысының жалпыұлттық дамудың стратегиялық міндеттерін шешуге барынша жұмылуын қамтамасыз етеді.
2023 жылы Мәжіліс пен Мәслихат сайлауы өтеді
Сонымен қатар, Мәжіліс пен Мәслихат сайлауы келер жылдың алғашқы жарты жылдығында өтеді. Осыған дейін саяси партияларды тіркеу рәсімі айтарлықтай жеңілдетілді. Демек, алда саяси додаға түсетін партиялардың саны артуы мүмкін. Бұл саяси бәсекені күшейтеді. Депутаттардың жаңа құрамы жасақталады. Осылайша келер жылдың ортасында саяси институттардың бәрі қайта жаңғырып, жасақталады.
Асима Нұрбайқызы