Мұздықтар жылдам еріп жатыр
Швейцария мұздықтары рекордтық деңгейде еріп жатыр. Жақында жарияланған мәліметке сәйкес, биыл мұздықтардың қалыңдығы 4 метрге азайған. Бұл процестің соңғы 5 жылда жылдамдағанын айтқан ғалымдар, жағдайға алаңдаулы.
Швейцария мұздықтары тез еріп жатыр. Бұған Еуропада болған аптап ыстық ықпал еткен. Елдің Мұздықтарды қадағалау желісінің мәліметінше, биыл олар рекордтық деңгейде еріген.
Маттиас Хусс, Швейцария мұздықтарын қадағалау бағдарламасының жетекшісі:
Биыл мұздықтардағы мұз көлемі 5 пайызға кеміді. Бұл 2022 жылғы көрсеткішке жақын. Оның екі себебі бар. Біріншісі, қыс құрғақ болып, қар аз жауды. Екіншісі мамырдан қыркүйекке дейін ауа температурасы тым жоғары болды.
Климаттың әсерінен Альпі тауларындағы ең үлкен және ең ұзын Алеч мұздығы биыл ең көп мұз жоғалтса, Цанфлерон мұздығының орташа қалыңдығы бір жылда 4 метрге азайған. Ғалымдар алаңдаулы. Олардың айтуынша, бірнеше жыл бұрын бұл мүмкін еместей көрінетін.
Маттиас Хусс, Швейцария мұздықтарын қадағалау бағдарламасының жетекшісі:
Бұл процесс әсіресе соңғы 5 жылда жылдам болды. Осы уақыт ішінде мұздықтар бұрынғыға қарағанда екі есе көп мұз жоғалтты.
Зерттеушілердің бағалауынша, шілде-қыркүйек аралығында Швейцария мұздықтарынан шамамен 2,2 триллион су бөлінген. Мұздықтардың еруі жаздағы су тапшылығын жеңілдеткенімен, олар кішірейген сайын бұл мүмкіндік те азаяды. Бұған қоса аптап ыстық алдағы уақытта жиі қайталануы ықтимал. Ал мұздықтардың еруі тек Альпі аймағының табиғатына емес, Еуропаның су ресурстарына да әсер етуі мүмкін.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы