Елімізде ЖОО-на құжат қабылдаудың аяқталуына 2 күн қалды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елімізде ЖОО-на құжат қабылдаудың аяқталуына 2 күн қалды

18.07.2022

Елімізде жоғары оқу орындарына құжат қабылдаудың аяқталуына 2 күн қалды. Биыл түлектерге 73 мың грант бөлінген. Оның жартысынан көбі техникалық мамандықтарға арналған. Тағы бір жаңашылдық - биыл Атырау мен Маңғыстау облыстарына арнайы 10 мың грант бөлінді. Талапкерлердің таңдауы қалай болып жатыр?

Карина биыл елордада мектеп бітіріп, үлкен өмірге жолдама алған түлектердің бірі. Ендігі белесі - білім алып, білікті маман атану. Құжаттарын жинап, өз таңдауын жасап та үлгерді. Ұлты неміс болса да, қазақ тілін жетік меңгерген. Қабілетін шыңдап, ұстаз болуды армандайды.

Карина Кудрявцева, талапкер:

Мен немістің қызымын. Менің таңдап отырғаным қазақ тілі және әдебиеті пәндері. Құжаттарымды тапсыруға келдім. Өте сәтті тапсырдым деп айта алмамын. Енді мен күтудемін. Талапкер өте көп.

Талапкерлердің көбі құжаттарын білім ошақтарына өздері әкеп тапсырып жатыр. Уақыт үнемдеп, виртуалды қабылдау арқылы өтініш білдіргендер де бар. Жастардың көбі «Zoom» палтформасына таңдау жасаған.

Өміржан Қоқаев, Қабылдау комиссиясының жауапты хатшысы:

Қазіргі жастар мектепте де онлайн оқып үйренген. Біздің платформаларымыз Zoom, Teams бағдарламаларын жақсы біледі. Онда көп қиыншылық туындап жатқан жоқ. Арнайы кезекте тұрады. Қазіргі таңда қабылдау комиссиясы 2581 өтініш қабылдаса, соның 700-ден астамы виртуалды қабылдау комиссиясы арқылы қабылданды.

Жоғары оқу орындарына құжат қабылдау 13-шілдеде басталды. Екі күннен кейін, яғни 20-сы аяқталады. ГРАФИКА: Бүгінгі таңда 62 мыңнан астам түлек құжат тапсырды. Олардың 16 мыңы педагогикалық мамандықтарға, 10 мыңы инженерлік, өңдеу және құрылыс саласын таңдаған. Ақпарат пен коммуникация мамандықтарын 8 мыңнан астам жас, ал денсаулық сақтау саласын 7 жарым мыңнан астам түлек таңдаған.

Руслан Емелбаев, Ұлттық тестілеу орталығының директоры:

Күніне 14-15 мың талапкер құжаттарын тапсырып жатыр. 74 ЖОО виртуалды қабылдау комиссиясы өз қызметін атқаруда. Биыл ҰБТ тапсырушылардың 67 пайызы, 103 203 талапкер шекті балдан өткен болатын. Осы шекті балдан өткендердің 90 пайызы, шамамен 92 мыңға жуық бала өз құжаттарын тапсырады деп күтілуде.

Биыл магистратура, докторантура мен бакалавриатқа 88 111 грант бөлінді. Бұл былтырғымен салыстырғанда 16 пайызға көп. Олардың ішінде 73 мың грант мектеп түлектеріне арналған.

Дарын Сағитов, тілші:

Президенттің тапсырмасымен биыл техникалық мамандықтарға басымдық беріліп отыр. Республика бойынша бөлінген гранттардың 60 пайызы осы мамандықтарға арналған. Тағы бір айта кетерлігі, биыл Атырау мен Маңғыстауға облыстарына 10 мың грант арнайы бөлінген. Олар педагогикалық және техникалық мамандықтарға арналған.

Дарын Сағитов


Хабарламаларға жазылу