Алматыда пластикалық ота жасатып, көркінен айырылған әйелдер дәрігердің жазалануын сұрайды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматыда пластикалық ота жасатып, көркінен айырылған әйелдер дәрігердің жазалануын сұрайды

11.07.2022

27 жастағы Светлана осыдан бір жыл бұрын пластикалық операция жасатқан. Алматыдағы ең білікті дәрігерді таңдап, көзін түзеу үшін 700 мың теңгеден аса қаржысын жұмсаған. Сұлулана түсем деген келіншек, енді опық жеп отыр. Бәрінен бұрын денсаулығын құртқан.

Светлана Ахметова, Алматы тұрғыны:

Көзім үш айдан астам уақыт бойы жабылмады. Көру қабілетім де нашарлады. Шетелдік дәрігерлер операцияның дұрыс жасалмағанын айтты. Оны түзету үшін теріні қайта тігу керек. Хирург Данияр Байбосынов кінәсін мойындамай отыр.

6 айдан бері апалы-сіңлілі Сәуле мен Қамажайдың тартпаған азабы жоқ. Ажарлана түсеміз деген арманы күлге айналғандай. Өз еркімен "сатып алған" мұндай сұлулықтың зардабынан шаршаған. Енді ем-дом алу үшін қыруар қаржы жұмсауға мәжбүр.

Сәуле Берікова, Тараз тұрғыны:

Операцияның құны менікі - 950 мың, әпкемдікі 1 млн 350мың болды. Шығын көп.

Қамажай Берікова, Тараз тұрғыны:

Көзім төмен қарай тартады да тұрады, содан ауырады. Бұл кісінің лицензиясын алып қою керек. Қыздар, келіншектер зардап шекпесін.

Бір топ келіншекке операция жасаған жеке клиника дәрігерді артынша жұмыстан шығарып жіберген. Алайда хирург басқа мекемеде қызметін жалғастырып жатыр.

Данияр Байбосынов, пластикалық хирург:

Эстетикалық операцияның қажеттілігін әркім өз таңдауына қарай шешеді. Мен ешкімді мәжбүрлемеймін. Егер менің жұмысым ұнаса, жасатсын. Кейде пациент отаның нәтижесін өз қиялымен өлшеп алады. Ол шын өмірдегі нәтижемен сәйкес келмеуі мүмкін.

Дегенмен, ажарымыздан айырып, өмірімізді құртқан дәрігер жазалануы тиіс дейді ашулы әйелдер. Заңгер Марғұлан Шыныбаев мұндай кездегі заң талабын түсіндірді.

Марғұлан Шыныбаев, заңгер:

Жеңіл немесе орташа жарақаттар болатын болса, ол әкімшілік жазаға тартылады. Айыппұл төлейді. Ал егер ауыр деңгейде зақым келетін болса, онда қылмыстық жауапкершілікке тартылуы мүмкін. Моральдық талап қоюына хақылары бар.

Операциядан кейінгі еміне, шетелдік дәрігерлерге жүгінуіне алматылық Светлана Ахметованың 2 млн теңгеден аса қаржысы кеткен. Апалы-сіңлілі Беріковалардың шығыны одан да көп. Десе де, осындай халге түсірген дәрігерді жауапкершілікке тарту үшін әйелдерге сот-медициналық сараптамасының қорытындысын күтуден басқа амал жоқ.

Жазира Оразқызы


Хабарламаларға жазылу