Жамбыл облысында болған былтырғы жарылыс кезінде аман қалған екі өрт сөндіруші сотталуы мүмкін. Қызыл жалынмен арпалыста алдыңғы шепте болған оларға «қызметіне салғырт қарады» деген айып тағылып отыр. Істі әскери прокуратура жүргізіп жатыр. Ал құтқарушылар жұмысымызды ережеге сай адал атқардық, тағылған айып негізсіз деп отыр.
Апат кезінде қызметіне адалдық танытпады деп айып тағылғандардың бірі Асыл Мұхаметжанов. Ол Байзақ ауданы өрт сөндіру бөлімінің қарауыл бастығы қызметін атқарған. Айтуынша жарылыс болған кезде алғашқылардың бірі болып қызыл жалынмен күресіпті. Сол үшінде «Ерлігі үшін» медалімен мараптталған. Алайда кейіннен кінәлі деп күдікке ілініп, үстінен қылмыстық іс қозғалған.
Асыл Мұхаметжанов, Байзақ ауданы №8 өрт сөндіру бөлімінің қарауыл бастығы:
«Менің іс-әрекетімде салғырттық жоқ екені куәгерлер жауабымен дәлелін тауып отыр. Алайда әскери тергеу басқармасы сонда да маған қатысты қылмыстық қудалауды тоқтатпай отыр».
Қазір Мұхметжанов апат кезінде алған жарақатына байланысты жұмысқа жарамсыз. Күні кеше ауруханаға қайта түскен. Сол себепті өзімен тілдесу мүмкін болмады. Ал құтқарушының әкесі болса, балама тағылған кінә негізсіз отыр дейді.
Жомарт Мұхаметжанов, Асыл мұхаметжановтың әкесі:
«Жарылыс болған жерде соған 4 адам басшылық жасады. Екі азамат қайтыс болып кетті, екеуі тірі қалды. Ал енді сол екі тірі қалған азаматтар жауапқа тартылып жатыр. Сонда тірі қалғаны үшін кінәлі ме, Неге?»
Қылмыстық іс тағы бір қызметкердің үстінен қозғалған. Ол ІІ дәрежелі «Айбын» орденімен марапатталған облыстық төтенше жағдайлар департаментінің басқарма басшысы Мансұр Шайкрамов. Қазір тергеу жүріп жатыр деген облыстық прокуратураның өкілі нақты ештеңені ашып айтпады.
Дархан Сатыбалдиев, Облыстық прокуратураның бірінші басқармасының аға прокуроры:
«ҚР Республикасы ҚК 371-бабының екінші бөлігімен сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталған. Қазіргі таңда тергеу әрекеттері ҚР ІІМ әскери тергеу басқармасымен жүргізілуде. Әлі аяқталған жоқ».
Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің басшылығы болса, құтқарушылар ережеге сай әрекет етті. Сондықтан біздің тараптан қызметкерлерімізді қорғау үшін бар мүмкіндікті қарастырамыз деп отыр.
Ералы Ақылбеков, Облыстық ТЖД бастығының орынбасары:
Қазіргі уақытта бізге тергеу жұмыстары жүргізіліп жатқаннан кейін, тергеудің несін бізге айтпайды. Біздің тараптан да жай отыра бермейміз, бізде өзіміздің қызметкерлерді қорғауға бар мүмкіндігімізді жасаймыз.
Нұрдос Болатұлы