«Қазақстан халқына» қорының қызметі қалай жүріп жатыр? - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Қазақстан халқына» қорының қызметі қалай жүріп жатыр?

12.06.2022

Олигополиядан тарқайтын тағы бір тақырып – «Қазақстан халқына» қоры. Әзірге біздің елде бақуатты адамдарды қайырымдылыққа міндеттеуге тура келіп тұр. 

Осы қор құрылғанда дәулеттінің дені бірден ақшау аударды деп айта алмаймыз. Ондайларға Қасым-Жомарт Тоқаев сол кездегі Nur Otan, қазіргі Аманат партиясының съезінде былай деген еді: «...кейбір танымал бизнес өкілдері Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған қайырымдылық акциясына қатысуға асықпайды. Бұл сараңдық па, нигилизм бе әлде немқұрайлық па? Қалай болғанда да, бұл сұраққа толық жауап алу үшін мемлекеттің толық өкілеттігі бар".Ал «Қазақстан халқына» қоры не болып жатыр екен? Кімдер, қалай көмек ала алады? Тасада қалып қойған ұйым жұмысы жайлы Данияр Қайыртайдың материалы. 

 Жадаханаз Бақытбекова, Қостанай қаласының тұрғыны:

Аяғыма тұруды армандаймын. Сосын соны ғана армандаймын.

Аяғы сал Жадаханаздың басқа қандай арманы болуы мүмкін, расында!? Туа сала спИна бИфида диагнозы қойылған. Яғни омыртқа жотасы бөлшектеніп, жұлынына жарық шыққан. Ауруы анықталғалы екі операция жасатты. Үздіксіз ем алып келеді. Енді жүріп кетуі үшін экзоскелет қажет.

Гүлнар Ахметова, Қостанай қаласының тұрғыны:

Ол робот. Оған тұрғызады. Бала жүргенде оған автоматический миы да қосылады. Аяқ сонымен қозғалады. Қол істесе болды. Аяқтың жаны бар ма, жоқ па оған әсер етпейді. Бірақ артынан бір адам ұстап тұрады. Сөйтіп өзі жүргізеді.

Экзоскелет – адамға жүру машықтарын меңгеріп, бұлшықеттерін күшейтуге көмектесетін құрылғы. Жадаханаз ондай роботпен астанадағы оңалту орталығына келгенде ғана жүріп көрген. Тағы барайын десе, кезегі келмей жүр. Сондықтан жеке экзоскелет сатып алғысы келеді. Сол үшін «Қазақстан халқына» қорынан көмек сұраған.

Гүлнар Ахметова, Қостанай қаласының тұрғыны:

9 млн тұрады енді ол экзоскелетіміз. Ол бізден меркасын алды. Әр балаға индивидуально таңадалады, соны июль-август айында алып қалуымыз мүмкін. Жүріп кетсе, ең құрығанда таяқпен жүріп кетсе деймін.

Қазір Жадаханазға шақталған робокостюм жасалып жатыр. Қор мамандары отандық өндірушіге ақшаның жартысын аударып қойыпты.

Мәулен Бектұрғанов, Экзоскелет шығарушы компанияның директоры:

Осы жылы 13 балаға жасауымыз керек, экзоскелет. Қазір 4 балаға предоплата жасады, осы жаздың соңына дейін бітіруіміз керек. Сосын тағы 4 баланы аламыз, сөйтіп жыл соңына дейін бітіреміз 13 баланы.

Мәулен Бектұрғановтың компаниясы жасайтын экзоскелеттер шетелдік аналогтарынан 5 есе арзан. Әрі еш жері кем емес. Үнемі жетілдіріліп отырады. Мынау – үшінші нұсқасы. Жадаханаз бен тағы 12 балаға бұдан да жетілген түрі жасалып жатыр. Қоғамдық әлеуметтік қор осыған 117 млн тг бөлуді көздеп отыр.

Қазақстан халқына көмектесуді мақсат еткен қор тоғыз түрлі бағдарлама жасаған. Соның сегізі – медициналық бағытта. Бірі – біз жаңа мысалға келтірген экзоскелеттер, екіншісі – тамыр патологиясы бар балаларға көмек көрсетуге арналған, сосын ауруханаларды офтольмологиялық жабдықтармен қамтамасыз етуді көздейтін бағдарлама бар. Мүгедектігі бар жастарға протез бұйымдарын алып беру, аутизмі бар балаларға арналған орталықтарды жарақтандыру, дене шынықтыру үйірмелерін ашу, балаларға арналған спорт залдарын керек-жарақпен қамтамасыз ету сынды жобалар бар.

Айкерім Есенәлі, «Қазақстан халқына» қорының ресми өкілі:

Тоғыз бағдарламаның сегізі балаларға арналған. Біреуі жастарға арналған. Біз биыл 2022-23 оқу жылына 360 білім грантын берейін деп отырмыз. Ол әлеуметтік әлжуаз топтар, инклюзивті білімді талап ететін, жетім балалар, ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалар немесе осындай топтағы студенттерге білімін ары қарай жалғастыру үшін оқуын төлеп беруге, яғни стипендиясы бар, оқу ақысы.

Қордан көмек сұрап, өтініш жолдағандардың саны 35 мыңнан асады. Бірақ 200-ге жуығы ғана қолдау тапқан. Себебі сарапшылар тобы әр өтінішті түрлі критерий бойынша талдайды.

Мамырдағы есепке сенсек, қор шотына 129 млрд тг түскен. Соның 5 млрд 200 млн-дайы қайырымдылыққа жұмсалған. Жарналардың динамикасына қарағанда қаңтардан кейін қарқын бәсеңдей бастаған. Бірінші айда 110 млрд түссе, сәуірдегі кіріс – 4 млрд-қа да жетпейді. Сірә, ірі бизнес пен ауқаттылар Президенттің ескертпесін ұмытқан.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

В данный фонд будут направлены обязательные отчисления оператора лотерейной деятельности, центра учета ставок и других монополистов. Конечно, мы ожидаем значительные и регулярные, я подчеркиваю, регулярные отчисления в Фонд со стороны крупного бизнеса.

Әлеуметтанушы Салтанат Оразбекова бұл қор елде меценаттық мәдениетті қалыптастыруға септігін тигізетінін айтады. Бірақ сол донорлардың жарнасын мемлекеттік органдардың қауқары жететін шаруаға жұмсамауы керек дейді.

Салтанат Оразбекова, әлеуметтанушы:

Мемлекеттік органдардың дұрыс жұмыс істемегенін көрсетіп отыр, былай қарасаңыз. Денсаулық сақтау, әлеуметтік министрліктің жұмысын істеп отыр, Білім және ғылым... Былай қарасаңыз бәрінің өз функциясы бар.

Ал қордағылар қаражат тек мемлекеттің шамасы жетпейтін немесе заң қолбайлау болатын істерге ғана бөлінетінін айтты.

Айкерім Есенәлі, «Қазақстан халқына» қорының ресми өкілі:

Елімізде көп жылдардан бері шешілмей келе жатқан тетіктер бар, мемлекеттік бағдарламалар бар халыққа көмектесуге арналған, дегенмен олардың кей кездері жұмыс істемейтін тұстары болады. Шет елге емделуге жіберу деген сияқты немесе инклюзивті бағыттағы көптеген жобалардың кейбір тетіктері халыққа ыңғайсыз болып жатады. Бюрократиялық тұрғыдан. Сондай кезде адресті, яғни нақты бір адамға бағытталған атаулы көмектер болып жатады.

Мәселен, Жадаханаздың мемлекеттен алатын жәрдемақысы ем-домына қажет шығынның жартысын да жаппайды. Оның диагнозы тегін дәрі берілетін аурулардың тізіміне де енбеген. Тек арба, түтікше, жөргек пен жаялық қана беретін Үкімет экзоскелет секілді қымбат құрылғыны әпере алмайды. Сондықтан қордың көмегіне жүгінген. Ол экзоскелетті алған соң өзі бейнелеп отырған мына қыз сияқты әдемі көйлек киіп, түрегеп тұрғысы келеді... Мына суреттегідей табиғат аясында асыр салғысы келеді.

Жадаханаз Бақытбекова, Қостанай қаласының тұрғыны:

Мынау гүл, бұлт, жаңбыр жауып тұр, жер. Жүгірем, балалармен ойнаймын далаға шығып.

Данияр Қайыртай


Хабарламаларға жазылу