Ақтөбедегі «Оңтүстік батыс-2» елді мекеніне қоғамдық көлік қатынауды тоқтатты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ақтөбедегі «Оңтүстік батыс-2» елді мекеніне қоғамдық көлік қатынауды тоқтатты

03.05.2022

Ақтөбе қаласына қарасты «Оңтүстік батыс-2» деп аталатын іргелі елді мекенге қоғамдық көлік қатынауды тоқтатты. Себебі, автобус жүретін көшелердегі асфальт жамылғысы еріген қар суымен бүлініп, мүлдем жарамсыз күйге түскен. Көрші ауылға қатынап оқитын балалар үшін тіптен қиын болды, деп налиды тұрғындар.

Жақсыбек Кемал, тілші:

Бұл ауылда 4 мыңнан аса тұрғын бар. Қоғамдық көліктер бір айдан бері елді мекен ішіне кірмей, жолаушыларды шет жаққа тастап кетіп жатыр.

Амалы таусылған тұрғындар үйлеріне дейін 3-4 шақырым жаяу жүріп баруға мәжбүр.

Ауыл ішіндегі көшелерге асфальт жамылғысы он шақты жыл бұрын төселіпті. Дегенмен, аз уақыттың ішінде сапасы сыр берген. Қар күрт ерігенде ағын сумен бірге жолдың да көп бөлігі тағы бүлінді. Салдарынан, ауыл ішіне автобустарды жібермеу туралы шешім шыққан.

Асылбек Қожақов, ауыл тұрғыны:

Жаяу барасың, жаяу келесің, балалардарды мектептен алып келесің. Енді емханаға дейін баруы екі, келуі екі километр. Аяқтан ештеңе қалған жоқ. Мынау деген масқара ғой!

Ауылда мектеп жоқ. Сондықтан көрші елді мекенге қатынайтын оқушыларға қиын болып тұр, дейді тұрғындар. Негізі ауылға былтырдан бері жаңа автобустар жіберіле бастаған. Алайда асты аласа шетелдік техникалар ойдым-ойдымы шыққан жолдармен жүре алмаған.

Сержан Тыным, ауыл тұрғыны:

№20 маршруттың жолы қазір бітті. Автобус кіре алмайды. Автобус кіру үшін ана жері соғады, мына жері соғады, шопырлар зарлап жылайды. Машинамыздың бір жерін соқсақ 20 мың теңге штраф төлейміз дейді».

Ахат Арыстанов, автобус жүргізушісі:

Біздің автобустар аласа, астымыз тиеді. Сондықтан біздер кіре алмаймыз. Әрине, үлкендерге, балаларға обал. Мына жерге ана жақтан жаяу келеді.

Осы көктемде ауылдарды былай қойғанда, қала орталығындағы жолдардың да шұрық-тесігі шыққан. Сондықтан, әкімдік өкілдері жағдайды реттеуге уақыт керек, дейді. Әзірге ауыл жолына қиыршық тас төсеп қана амалдауға болады.

Әділбек Танкеев, қалалық ТҮКШ бөлімінің басшысы:

Ойық жерде орналасқан. Ол жерге су жиналады. Соның бәрін оңтайлы шешуі үшін, тағы сондай проблема шықпайтындай қылып зерттеуіміз керек. Содан кейін шешім қабылдаймыз. Бірақ уақытша автобустарды кіргізу үшін техника жіберілетін болады.

Жауаптылар ауыл ішіне қоғамдық көліктер 1-2 күн ішінде кіре бастайды деп сендірді. Ал, жолдың бәрі жыл соңына дейін жөнделмек.

Жақсыбек Кемал


Хабарламаларға жазылу