«E-Salyq Business» мобильді қосымшасы бірқатар салық рәсімін жеңілдетті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«E-Salyq Business» мобильді қосымшасы бірқатар салық рәсімін жеңілдетті

27.04.2022

«E-Salyq Business» мобильді қосымшасы бірқатар салық рәсімін жеңілдетті. Бұл туралы баспасөз алаңында Мемлекеттік кірістер комитеті төрағасының орынбасары Азамат Панбаев хабарлады. Енді қосымша арқылы жеке кәсіпкер ретінде тіркелуге, кассалық чектің орнына мобильді қосымшаның чегін беруге, түбіртек арқылы кәсіпкердің кіріс есебін жүргізуге, салықтар мен әлеуметтік төлемдерді автоматты түрде есептеуге, жалдамалы қызметкерлердің және олардың табысының есебін жүргізуге, оңайлатылған декларацияны тапсыруға, кәсіпкерлік қызметті оңайлатылған тәртіпте тоқтатуға мүмкіндік береді.

Сондай-ақ, бірқатар анықтаманы да алу мүмкіндігі бар. Мысалы, жеке кәсіпкер ретінде тіркелу туралы, оның және оның жұмысшыларының табысы туралы анықтамаларды ала аласыз. Бұлардың барлығы талап етілген жерге ұсынуға арналған. Бизнес өкілдерінің салық міндеттемелерін жеңілдетуге арналған мобильді қосымша 1-қаңтардан бастап қолданысқа енгізілген еді. Жыл басынан бері 27 мыңнан астам кәсіпкер игілігін көріп жүр.

Азамат Панбаев, ҚР ҚМ Мемлекеттік кірістер комитеті төрағасының орынбасары:

«E-Salyq Business»-те ыңғайлы сервистер әзірленуде. Олардың көмегімен салық органдарының жіберген хабарламасын алуға, бір төлем құжатымен бірнеше салықты төлеуге, артық не қате төленген салықтарды алдағы салықтар есебіне жатқызуға немесе қайтарып алуға болады.


Хабарламаларға жазылу