Қаңтар оқиғасына қатысты Бас прокуратура мен ІІМ өкілдері баяндама жасады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қаңтар оқиғасына қатысты Бас прокуратура мен ІІМ өкілдері баяндама жасады

25.04.2022

Қаңтар оқиғасына қатысты ұсталғандардың кейбірі жазадан жалтару үшін азаптау жайлы жалған ақпарат таратқан. Бүгін тергеу барысы жайлы баяндаған Бас прокуратура мен Ішкі істер министрлігі өкілдері, кейбір белсенділердің әрекеті жайлы айтып берді. Мәселен Алматы облысының әкімдігі мен полиция департаментіне шабуылды екі азамат ұйымдастырған. Ол үшін жұртты арандатып, 400-ден астам қол жинаған. Кейін қару-жарақ дүкендерін тонап, жымысқы ойларын жүзеге асырыпты. Ал Алматы әуежайына басып кірген Н есімді азамат, жарықты сөндіріп, ұшақтардың ұшып-қонуын тоқтатқан. Қазір олар терроизм бабы бойынша істі болып жатыр. Ал Жамбыл облысындағы мемлекеттік ғимарттарды өртеген азамат, «тергеушілер азаптады» деп шағым түсірген еді. Мұны жоққа шығарған Бас прокуратура, кейбір ұсталғандар қорғану мақсатында азаптау жайлы жалған ақпарат таратқан дейді. Тергеу әлі жалғасып жатыр. Сондай-ақ қаңтар оқиғасы кезінде Алматы облысында 16, Шығыс Қазақстанда 7 адамның қаза тапқаны айтылды.

Елдос Қилымжанов, ҚР Бас прокуратурасының қылмыстық қудалау қызметі бастығының орынбасары:
Қаңтар оқиғасы бойынша жалпы 265 іс сотқа жолданып, олармен 243 адам сотталды. Қазір 585 адам қамауда отыр. Олар қирату, ғимараттарды өртеу, қаруларды жымқыру, мемлекеттік және құқық қорғау органдары ғимаратына шабуыл жасауда белсенді қатысқан.

Ал Ішкі істер министрлігінің өкілі қаңтар оқиғасы бойынша ұсталғандардың көбі қылмысқа бірінші рет барған жастар екенін айтады. Сол үшін жазасын жеңілдету жағы ескеріледі. Әрі мың жарымнан астам бизнес нысан тоналған. Қылмысты ашуға азаматтар жебірген видеолар септігін тигізген. Бұдан бөлек 1400-ден астам қару мен 35 мыңнан аса оқ-дәрі тәркіленгені айтылды. Ал 142 қаруды азаматтар өз еркімен тапсырған. Олар қылмыстық жауапкершілікке тартылмайды дейді, тергеу департаментінің бастығы. Ауыр жарақат алған Ұлттық ұлан мен полция қызметкерлерінің 14-і әлі ауруханада. Біреуінің екі бүйрегі жұмыс істемей қалған.

Досжан Маратұлы

Хабарламаларға жазылу