Бүгін Дүниежүзілік кітап және авторлық құқық күні. Айтулы мереке қарсаңында бас қалада бесінші Еуразиялық халықаралық кітап көрме-жәрмеңкесі өтуде. Шара балалар әдебиетінен классикалық әдебиетке дейінгі барлық жанрмен қатар оқу-әдістемелік кітаптарды түгел қамтыған. Кітап көрмесінен Мақпал Ауғанбай тарқатсын.
Ағайынды Дінмұхаммед пен Махамбет кітап оқығанды жақсы көреді. Бүгінгі көрмеге ағылшын және қазақ тілдеріндегі кітап алуға келген. Кітапты санға емес, санаға тоқитын олар кейіпкерлерді өзара талқылағанды ұнатады.
Дінмұхаммед Есжан, жас оқырман:
Анашым көп қазақша кітаптар алып келді, бірақ маған ағылшын тілінде оқыған ұнайды. Ол тіл үйренуге көмектеседі. 200 беттік бір кітапты 1,5 аптада оқып аяқтаймыз. Аудио кітаптар ыңғайлы.
Мақпал Ауғанбай, тілші:
Кітап көрмесінде 80-нен астам баспаханалар мен ғылым-білім ұйымдарының әдістемелері де ұсынылған. Еліміздің жоғарғы оқу орындарымен қатар, Түркия, Ресей, Қытай баспалары мен елшіліктер өз кітаптарын таныстырып жатыр. Көрмедегі 100 ден астам кітаптардың тұсау кесеріне келген оқырман қарасы көп.
Аңыз әншінің 100 жылдығына орай «Роза Бағланова» атты кітап-альбом таныстырылды. Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен 3 мың тиражбен тарайды. Шараға депутаттар, ақын жазушылар мен қарапайым оқырмандар қатысты. Ал мәдениет министрі бұл кітаптың жөні бөлек дейді.
Бес күнге ұласатын халықаралық жәрмеңке аясында поэзия кештері мен түрлі мәдени шаралар өтеді. Соңында көрмеде ұсынылған кітаптардан 6 номинация бойынша Жылдың үздік кітаптары анықталады.
Мақпал Ауғанбай