Тұрғындар мүддесі қорғалуы керек - депутаттар - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Тұрғындар мүддесі қорғалуы керек - депутаттар

22.04.2022

Тұрғындар пай үлестері үшін лайықты дивиденд алып отыру керек! Ақмола облысына барған Мәжіліс депутаттары осы ұстанымда екендерін жеткізді. Төменгі палата өкілдері Зеренді ауданында болып, тұрғындармен, шаруашылық басшыларымен кездесті. Бұндағы 9 ауылдық округте жерге қатысты түйткіл көп. Тұрғындар серіктестік құрамынан шыққылары келеді. Себебі алатын үлестері мүлдем аз. Ал кейбірі тіпті жер үлестерінен айырылып қалған. Депутаттар шаруа қожалықтары мен серіктестік басшыларын әлеуметтік жауапкершілікті ұмытпауға шақырды. Жергілікті тұрғындардың ойы әрдайым ескерілу керек. Бұл жалпы республикалық мәселе. Ол өзара келісіммен шешілмесе, депутаттар қажетті заңнамалық нормалар енгізуді қарастыруға дайын екендерін жеткізді. Өңірде жайылым тапшылығы да өткір тұр. Ақмола облысындағы 605 елдімекеннің 437-сінде жайылым тапшылығы бар. Барлығы 558 мың гектар.

Асқарбек Үйсімбаев. ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

Жайылым мәселесінде біраз шаруаны айттық. Неге десеңіздер көбінде малы жоқ, жайылымдары бар шаруашылықтарда және елдімекендерде біз сауынды сиырлар қанша бар екенін, ауылды елдімекенде қалай шешу керек, оның жолдарын айттық шамасыз келгенше. Әлі де бұл бірінші келгенмен болмайды. Әлі де елдімекендерді аралап, халықпенен кездесіп шешімін табуға тырысамыз.

Мәжіліс депутаттары жергілікті атқарушы орган өкілдерімен де жүздесті. Мамандар жер банкте кепілдікте болып, кейін үшінші тұлғаларға сатылса, жер үлескерлерімен бірге ауыстыруды ұсынды. Бұл тұрғындардың шартты жерге құқығын сақтап қалады. Жайылым үшін егістік жерлерді де мемлекет меншігіне қайтаруға болатындай ету керек. Себебі көп елдімекендердің маңы егістік.

Ермек Елберген


Хабарламаларға жазылу