Ақтауда инженерлік желінің 80 пайызын ауыстыру қажет - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ақтауда инженерлік желінің 80 пайызын ауыстыру қажет

22.04.2022

Ақтауда инженерлік желілердің 80 пайызы ескірген. Соның кесірінен күніге 5-6 жерде апат болып, тұрғындар апталап жылусыз, сусыз қалады. Шіріген құбырларды ауыстыруға шамамен 194 миллиард теңге қажет. Тұрғындарды алаңдатқан өзге де мәселелер қала әкімімен болған кездесуде талқыланды.

Жылу жүйесінің әбден ескіргенін, жуырда жүргізілген сынақ дәлелдеді. Себебі, 1 күнде 50-ге жуық апат болып, тұрғындар сусыз қалды. Жарылған құбырлар әлі де жөнделуде.

Қалада су мәселесі жылдан-жылға күрделеніп барады. Себебі, жаңа шағын аудандар қосылып, сұраныс артқан. Қазір тәулігіне 30 мың текше метр су тұтынса, жазда сұраныс 67 мың текше метрге дейін жетеді. Алайда, 52 мың текше метрден артық су беруге мүмкіндік жоқ. Тағы бір мәселе, қаланың 30 пайызына жылу жетпейді.

Нұрдәулет Қилыбай, қала әкімі:
Бұл жерде жұмыс жүріп жатқан жаңағы қазандықтың құрылысы биыл басталады. Және де Ақтау қаласының ішінде бірнеше қазандық салуымыз керек. Ол жұмыстар да биыл бітеді деп есептеп отырмыз.
Ескірген құбырларды 5 жылда жаңарту жоспарда. Жоба бойынша 1200-ден астам шақырым құбырдың басым бөлігі ауыстырылады. Ал, тұрғындар қаланы көгалдандыруды өздері қолға алды. Себебі, жылда бюджеттен қыруар қаржы бөлінгенімен, нәтиже жоқ.

Саламат Нұрұлы, қала тұрғыны:
Ботаникалық бақпен ақылдастық. 12-12-ден 24 ағаш егіп, суарып, кеше баптап қойдық. Біз ешкімнен ештеңе сұрамай-ақ 24 ағаш егу түк те емес. Бұрында да 20 шақты ағашымыз бар еді олар жақсы өсіп тұр.
Ақтауды көгалдандыру үшін биыл жаңа механизм енгізу жоспарда. Оның аясында ағаштар мен гүлдерді күтіп-баптауға 5 жыл қатарынан 1 компания жауапты болады.

Хабарламаларға жазылу