Қарқаралы тұрғындары ауызсу мәселесін айтып, Ұлттық арнаға шағымданды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қарқаралы тұрғындары ауызсу мәселесін айтып, Ұлттық арнаға шағымданды

15.04.2022

Қарағанды облысындағы Қарқаралы тұрғындары қаладағы ауызсу мәселесі жылдар бойы шешілмей келе жатқанын айтып, арнамызға шағымданды. Орталық су торабы 9 мың тұрғыны бар шағын шаһарды қамтамасыз ете алмайтын көрінеді. Оның себебі неде? Жергілікті билік өкілдері мәселені қалай шешпек? Өңірдегі тілшіміз Руслан Нұрланұлы біліп келген еді.

Руслан Нұрланұлы, тілші:
Қарқаралы қаласына тәулігіне 300-350 текше метр су қажет. Алайда мұны жыл он екі ай қамтамассыз ету мүмкін емес. Күзгі, қысқы айларда жерасты су деңгейі күрт төмен түсіп кетеді. Сондықтан қалада ауызсу мәселесін шешу күн тәртібіндегі басты түйткілдердің бірі.

Қамбар ауылы деп аталатын бұл аумақ қаланың су жиі болмайтын көшелерінің бірі. Үйді-үйге тартылған құбырдан қысымның жоқтығынан су жиі ақпай қалады. Ал көшеге қойылған қосымша коллонка баяғыда істен шыққан.

Венера Рақымжанова, қала тұрғыны:
Суымыз көбінесе болмайды. Қысты күндері тіпті келмей қалады. 
Лаура Нұролла, қала тұрғыны:
Су бағдарламасын шешетін қаншама мемлекеттік бағдарламаларда болды. Бірақ неге осы Қарқаралыдағы біздің Қамбар ауылы қалып қойды деген сұрақ барлығымыздың көкейімізде бар.

Қаладағы 3 скважина тұрғындарды толық қамтамассыз ете алмайды. Себебі жерасты су қоры аз. 90-ы жылдары 37 шақырым жердегі Жарлы жерасты су көзінен құбыр тарту жобасы қолға алынған. Кейін тоқтап қалып, тартылған құбыр түгел тоналған. Биыл осы жоба қайта қолға алынды.

Талғат Омаров, Қарқаралы аудандық құрылыс бөлімінің басшысы:
Мұндағы судың мөлшері, сапасы Қарқаралы тұрғындарын толық қамтамассыз етуге жетеді. Енді биыл республикалық бюджеттен 1 млрд 700 млн теңге бөлініп жатыр. Негізгі жұмыстың 60-70 пайызын биыл бітіруге толық мүмкіндігіміз бар.

Жалпы жобаның құны 2 миллиард 400 миллион теңге. Алғашқы берілген қаражат бөлігі 37 шақырым құбырды тартуға, сондай-ақ 25 және 1200 текше метрлік екі скважинаны жаңалауға жұмсалады. Ал жерасты су ұңғымалары дайын тұр. Алайда мұнымен мәселе түбегейлі шешілмейді. Қала ішіндегі әбден тозған 32 шақырым құбырды да жаңалау қажет,-дейді мамандар.

Құрылыс 2023 жылы шілде айында аяқталуы тиіс. Соның арқасында Қарқаралыға 4 мың кубқа дейін су беруге мүмкіндік туады. Бұл маңайдағы ауылдарды да қамтамассыз етуге жетеді. Жоба өлке экологиясына да оң серпін береді. Себебі қала ішіндегі ескі скважиналар таулы орманның жерасты су қорын азайтып, қарағай қурап барады.


Хабарламаларға жазылу