Ауыл шаруашылығы министрлігі: Елде астық тапшылығы жоқ - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ауыл шаруашылығы министрлігі: Елде астық тапшылығы жоқ

11.04.2022

Елде астық тапшылығы жоқ. Дүрлігуге ешқандай негіз де жоқ. Ауыл шаруашылығы министрлігі бүгін осындай мәлімдеме жасады. Қоймаларда астықтың мөлшері жеткілікті. Ел аумағында қазір 6,4 млн тонна астық бар. Бұл ішкі нарықты толық қамти алады. Тіпті бір бөлігін экспортқа шығаруға да артылады. Ал астық өңдеушілер одағы елдегі бидай қоры 10 күнге ғана жетеді деп дабыл қағып жатыр. Бірақ, мұны вице-министр Айдарбек Сапаров жоққа шығарды. Мәселе өнімнің көлемінде емес, бағасының күрт қымбаттауында деп түсіндірді. Осыған дейін ұн тартатын кәсіпорындар бидайды Ресейден төмен бағаға импорттап келген. Ал біздің астық негізінен экспортқа кететін. Енді жағдай басқаша – Ресей импорты тоқтады. Тиісінше баға да өзгерді.

Назгүл Хатепова, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі департаментінің директоры:
Жалпы ішкі нарықта бидай бар. Бірақ ұн тарту кәсіпорындарынан берілетін баға мен шаруалар тарапынан сұраныстағы бағаның екеуінің ортасында үлкен арақатынас бар. Бұл мәселені ішкі нарыққа арзандатылған бидайды арзандату арқылы мәселені шешіп отырмыз.

Ұн тарту кәсіпорындарының да мәселесі шешіледі деп отыр министрлік. Өтінім түссе, азық-түлік келісім шарт корпорациясынан арзандатылған бидай ұсынуға дайын. Сондықтан диірмендер шикізатсыз қалмайды.

Асима Нұрбайқызы

Хабарламаларға жазылу