Өңір бойынша аудандық маңыздағы 1 қала және 8 ауылдық округте, сондай-ақ Жезқазған қаласының Кеңгір кентінде халық өз кандидатына дауыс беріп, таңдау жасады. Әкімдікке үміткер ретінде барлығы 40 кандидат тіркелген. Бәсекелестік үлкен. Мысалы, негізінен көмір шахтасының жұмысшылары тұратын Абай қаласында, әкімдікке кандидат ретінде 4 адам шықты. Шаһарда 19 мың тұрғын болса, соның 11 628-і сайлауға қатысты. Кандидаттар арасынан «Аманат» партиясынан ұсынылған Медеу Ахметов 8 955 дауысқа, яғни 78,21% басымдылыққа ие болды. Ол бұған дейін Абай қаласының әкімі қызметін атқарған. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өңірлердің, соның ішінде қала, аудан, ауыл-аймақтың дамуына тікелей әкімдер жауапты екенін баса айтқан болатын. Енді олар халықпен етене араласып, жиі кездесулер ұйымдастыруы қажет. Сондай-ақ кейінгі заңнамалық өзгерістердің арқасында, әкімдердің жергілікті басқару өкілеттігі нығая түсті. Бұл – саяси реформалар бағдарламасының бір бөлігі.
Алпыс Нұрбеков, ардагер кенші:
Өзіме ұнаған кандидатқа дауыс беріп, бағдарламаларымен таныстым. Заманымыз тыныш болсын. Халқымызға жақсылығы тиіп, қызмет істей берсін.
Руслан Нұрланұлы