Мерекелік шаралар бірнеше күннен бері елорданың барлық жерлерінде өтіп жатыр. Фестивальдер, байқаулар, концерттер Астанамызды ән-жырға, шаттыққа, нұрға бөледі. Еліміздің бас қаласының 16 жылдығын мерекелеуге әлемнің түкпір-түкпірінен қонақтар келіп, өз үлестерін қосуда.
Астана күні қарсаңында халықаралық «Шаттық» фестивалі жалауын көтерді. Биыл 5-ші рет өтіп жатқан жас таланттар байқауына 10 елден 600-ден астам қатысушы келді.
Астананың бойтұмарына айналған «Бәйтерек» монументінің қасында өнерлерін паш еткен жеткіншектердің ең кішкентайы 4 жаста. 3 күн бойы олар ашық аспан астында өз өнерін көрсетіп, Елорданы ән-жырға бөлейді.
Шакира Қанатбек, «Сыр гүлдері» би ансамблінің мүшесі:
Астана қаласы бізге қатты ұнады. Біз Қызылорда қаласынан «Шаттық» фестиваліне келдік. Біз Астана күнімен құттықтауға келдік. Астана туған күніңмен!
Қала күніне аспаздар да тер төге дайындалды. Астанадағы 8 мейрамхана ас әзірлеу шеберліктерін байқатып, талайды таңғалдырған. Қала әкімі Иманғали Тасмағамбетов қаз-қатар тізілген ұжымдарды аралап, шараға қатысушыларды мерекемен құттықтады. Аспаздар көпшілікке дәмі тіл үйірер тәтті өнімдерді ұсынды.
Әлия Ақанова, аспаз:
Осымен біз үшінші рет қатысып отырмыз. Фестивальге бір ай бұрын дайындалдық. Тәтті тағамдарымызды көрсетеміз.
«Астана арқауы» түркі музыкасының фестивалі өз мәресіне жетті. Жетінші жыл қатарынан ұйымдастырылып жатқан мәдени шараға 14 елдің өнерпаздары келді. Түркі тілдес халықтар арасында байланысты нығайтып, көне музыканы жаңғыртуды мақсат еткен шара түріміз бен тіліміз басқа болса да, түбіміз бір екенін тағы бір дәлелдеді.
Керал Башиль, әнші:
«Астана арқауы» Түрік дүниесінің бір шоғыры дегім келеді. Себебі дәл осы сахнада түркі халықтары музыкасының әралуандығын көруге болады. Сондай-ақ, бұл байқау Астана қаласын бүкіл әлемге танытып жатыр. Астана өте әдемі, көрікті, сұлу қала. Жиі-жиі келе бергің келеді.
Елордамызда күмбірлеп күй тартылды, әуелеп ән шырқалды. «Ақындар Астананы жырлайды» тақырыбындағы жыр марафонына белгілі ақындар мен жас өрендер қатысты.
Үмітхан Мұңалбаева, ҚР ҰАК бас директоры:
Әсем қаламыз Астана мерейтойын тойлап жатыр. Егемен еліміздің Астанасының дәл ортасында орналасқан кітапхана мерекені атап өтуге өз үлесін қосуда. Үлкен кітапхананың үлкен баспалдағын пайдалана отырып, оқырмандар, wi-fi пайдалана отырып, дүниежүзіне Астананы насихаттауда, үлкен іс-шара өтіп жатыр.
Мерекелік іс-шаралар легі толастар емес. «Астана Опера» театрының алдында алғаш рет гүлдер фестивалі өтті. Отандық және көрші елдерден келген флористер мен суретшілердің туындылары көпшілік назарына ұсынылды.
Тірі гүлдерден жасалған мүсіндер көркімен көз тойдырса, оркестрдің орындауындағы әуендер құлақ құрышын қандырды.
Қуаныш ҚАНАТҰЛЫ
Рауан ДИӘЛИ
Гүлжан ҚАЛТАЙҚЫЗЫ
Ғалым КӘЛМЕН