Қаңтар қақтығысы: Ұрланған қару-жарақтың 2000-нан астамы әлі қылмыскерлердің қолында
Қаңтар қақтығысы кезінде ұрланған қару-жарақтың 2000-нан астамы әлі қылмыскерлердің қолында. Бұл туралы Бас прокурор Берік Асылов бүгін Мәжілістің жалпы отырысында айтты. Ал мемлекетке опасыздық жасау, билікті басып алуға әрекет ету, аса ірі мөлшерде пара алу бойынша 15 іс тергеліп жатыр. Шұғыл шешімдер арқасында мемлекетке төнген үлкен қауіптің жолы кесілген.
ҰҚК мемлекетке опасыздық жасау және билікті басып алу әрекеттері бойынша 15 іс қозғады
Шеру – бейбіт басталған еді. Жұрт газ бағасын арзандату жайында талап қойды. Билік қанағаттандырды. Маңғыстауда басталған митинг елдің басқа өңірлерінде жалғасты. Екі күнде қатысушылардың саны 50 мыңнан асты. Қауіп пен қатер сағат сайын артты. Белгісіз топ адамдарды көптеп тартып, арматура, таяқ, тас, Молотов коктейлімен қаруландырды. Прокуратура тергеу хронологиясы бойынша жаңа видео жариялады.
Берік Асылов, ҚР Бас прокуроры:
Бірнеше мәрте сабыр сақтауға шақырғанға қарамастан, қылмыстық және радикалды элементтер белсенді де қатаң әрекеттерге көшті. 4 және 5 қаңтарда азаматтар жиыны агрессив топқа айналып, 11 аймақта зорлық-зомбылық сатысына өтті.
Ұйымдастырушылар айқын жоспармен әрекет еткен. Топтың бір бөлігі дүкендерді қиратып, тонауға кіріссе, басқа қарулы топ әкімдіктердің, Президент Резиденциясы, полиция, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің ғимараттарына шабуыл жасап, басып алды. Алматыдағы әуежай мен басқа да нысандарды қиратты.
Берік Асылов, ҚР Бас прокуроры:
Олар қоршауды қалай бұзу керегін біліп, полицияға шабуыл жасады. Телеэфирге шығуға тырысты. Ол іске аспай қалған кезде телекомпания кеңселерін тонап, өртеп жіберді. Алматыда және басқа да ірі қалаларда қылмысты жасыру үшін 800-ден астам видеокамераны қиратқан. Басып алынған қаруды, азық-түлікті және ауызсуды жеткізу ұйымдастырылған.
Содырлар халықты қорқытып, мемлекеттік органдардың қызметін тоқтатуды көздеді
Жүргізушілерді көшені жауып тастауға мәжбүрледі. Ең сорақысы бейбіт тұрғындарды «тірі қалқан» ретінде пайдаланған. Полиция мен әскерилерді аяусыз соққыға жығып, қорлаған. Сол күндері жарақат алғандардың 80 пайызы күштік құрылым қызметкерлері. Саны - 3,5 мыңға жуық.
Берік Асылов, ҚР Бас прокуроры:
Бұған қарамастан олар шабуылшыларға оқ атпады! Көзден жас ағызатын, резеңке оқтар сынды арнайы құралдармен ғана шектелді.
Тәртіпсіздіктер кезінде 1500-ден астам ғимарат бүлінді
1500-ден астам мемлекеттік және коммерциялық ғимараттар зардап шекті. 765 көлік өртенді. Бизнес пен мемлекетке миллиардтаған шығын келді.
Осылайша «Қаралы қаңтардағы» тәртіпсіздік үш толқынмен өрбіген. Әу бастағы бейбіт шеру - бірінші толқын. Бұдан кейін митингті радикалдар мен арандатушылар өз пайдаларына шешуге тырысты. Үшінші соққыны ғимараттарды өртеп, қиратқан бұзақылар мен тонаушылар жасады.
Салдарынан ел бойынша 50 мың адам тәртіпсіздікке шықты. Оның 30 мыңы Алматыда. Салдарынан мемлекеттігімізге үлкен қауіп төнді.
Берік Асылов, ҚР Бас прокуроры:
Қазақстанның аумақтық тұтастығына қауіп төнді. Мемлекетті жоғалтып алудың алдында қалдық. Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына мүше елдердің бітімгершілік контингентін тартуға негіз болды. Олар антитеррорлық операцияларға қатыспағанын ерекше атап өткім келеді. Жедел әрекеттің арқасында құқық қорғау органдары мен әскерилер басып алынған нысандардың барлығын дерлік бақылауға алып үлгерді.
Мемлекет тарапынан шешуші әрекеттер шұғыл қабылданбағанда соңын елестетудің өзі қиын. Бүлікшілер билікті күшпен басып алуға әрекеттенді. Қаңтар оқиғасының түпкі мақсаты - мемлекеттік төңкеріс жасау дейді Бас прокурор. Қазір осы күдікпен Кәрім Мәсімов пен оның 3 орынбасары ұсталған. Экс-төраға 17 жыл арқалуы мүмкін деді Асылов.
Сондай-ақ «Дикий арман» деген лақап атпен танымал Арман Жұмагелдиев пен оның 14 сыбайласына қатысты тергеу жүріп жатыр. Тәртіпсіздіктен кейін өзге де мыңдаған адамның ұсталып, тергеуге алынғаны белгілі.
Сонымен 766 күдікті ұсталған. Дені - 30 жасқа дейінгі жоғары білімі жоқ, жұмыссыз жастар. Араларында 19 адам деструктивті діни ағымда екені анықталғанын айтты бас прокурор. Сондай-ақ тыйым салынған экстремистік ұйымдардың 27 белсендісі болған. Және ұйымдасқан қылмыстық топтардың 24 мүшесі әрі 113 адам бұрын кісі өлтірген, ұрлаған, тонаған және қарақшылық жасағаны үшін сотталған.
Ал ұсталғандарды азаптап, қызметін асыра пайдаланған 243 құқық қорғау қызметкеріне қатысты іс қозғалды. Ең күрделі 9 іс бас прокуратураның назарында. Сонымен қатар жаппай тәртіпсіздіктер кезінде 3 мың қару ұрланған. Алайда оның тек 770-і ғана табылды. Қалғаны яғни 2 мыңнан астам қару-жарақ әлі қылмыскерлердің қолында. Оның ішінде - автоматтар, мылтықтар, тапаншалар мен гранаталар бар. Қаңтар оқиғасы кезінде жалпы ел аумағында барлығы 230 адам қаза тапқан. Көбі – Алматы қаласында – 139 адам. Ал жиырмасы кездейсоқ оққа ұшып, көз жұмған.
Берік Асылов, ҚР Бас прокуроры:
Тергеу құпиясы және кінәсіздік презумпциясына қатысты заңнама талаптарын ескеріп, мен тергеліп жатқан істер бойынша шектеулі, деректерді ғана келтірдім. Тергеу мерзімі екі айдан сәл ғана асты. Мұндай ауқымды, трагедияның барлық мән-жайын анықтау үшін бұл уақыт жеткіліксіз. Көп жағдайда куәлар жоқ.
Тергеу шаралары әлі жалғасады. Оның барысы осылай ашық түрде бұқараға жарияланып тұрады деді Бас прокурор.
Асима Нұрбайқызы
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы