Биыл еліміздің астанасын көшіру идеясына - 20 жыл. 1994 жылы 6-шілдеде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бас шаһарды ауыстыруды Қазақстан Республикасының Жоғары Кеңесінің пленарлық Мәжілісінде Парламент мүшелері талқысына салған болатын.
Бүгінде елордамыз сәулеті мен дәулеті келіскен сұлу қалаға айналды.
Осы бір тарихи сәтті ел жадында мәңгілік қалдыру мақсатында Тұңғыш Президент Музейінде «Ел болашағының бесігі» атты құжаттық көрме ашылды.
Қуаныш Қанатұлы, тілші:
Дәл осы ғимаратта 1997 жылы 10-желтоқсанда Үкімет пен Парламенттің қос палатасының бірлескен отырысында Мемлекет басшысы Қазақстанның жаңа астанасын ресми түрде жариялады. Ал, дәл осы жерде алғаш рет Елорданың бас жоспары таныстырылған. Елбасы қиялынан туған ғимараттардың негізі осы жерде қаланды десе болады.
Марат Әбсеметов, ҚР Ұлттық мұрағатының бас директоры:
Астана жас қала болғанымен, мыңжылдық тарихы бар қала. Бұл тарих бүгінде жазылып жатыр. Үлкен тарихы болғаннан кейін болашағы бар.
Астананың бас жоспарына әлемнің озық сәулетшілерінің эскиздері ұсынылды. Ал, оны жүзеге асыруға мыңдаған құрылысшы жұмылды. Қыруар қаржы бөлінді. Осыдан 20 жыл бұрынғы Елбасының төл туындысы - Астана бүгінде зәулім де көрікті ғимараттармен айшықталып келеді.
Қуаныш Қанатұлы, тілші:
Құжаттар көрмесінде соңғы 20 жылда Астана құрылысына қатысты қабылданған шешімдер, қаулылар, жобалар мен сызбалар, фотомұрағат қойылған. Олардың ішінде қызықтырғаны - Елбасының жұмыс дәптері. Соңғы беттерінде жаңа нысандар тізімі тұр. Олардың біразы бүгінде пайдалануға берілген. Елорда болашағын бағдарлау үшін оның тарихын білу - маңызды. Көрменің мақсаты да - сол.
Қуаныш ҚАНАТҰЛЫ